Нұрсұлтан Назарбаев, Бауыржан Исаев, Сұлтанбек Қожанов: Түркістанда ерекше есімді адамдар тұрады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат ­– Түркістан облысында әншілермен, Президентпен, тіпті, алаш арыстарымен аттас азаматтар тұрады. Ерекше есімді иеленген оларды шатастырып қоңырау шалатындар мен есімдерін естігенде таңқалысатындар көп. Танылмал тұлғалармен аттас жандарға ҚазАқпарат тілшісі хабарласып, жаңа жылмен құттықтады.

Түркістан қаласының жанындағы Жаңа Иқан ауылдық округінде Бауыржан Исаев есімді жігіт бар. Жергілікті әкімдікте қызметін атқаратын ол, әнші Бауыржан Исаевпен аттас. Әрі тегіде бірдей. Сондықтан болар көпшілік оны «Өмір түгіл, өзімді де білмеймін» деп әндететін әншімен жиі шатастырады.

Бауыржан Ибадуллаұлы бұған дейін Алматыда кәсіппен айналысқан. Сол кездері арнайы қоңырау соғып, «Тойымызда ән салып берсеңіз» деп қолқа салатындар көп кездесіпті.

«Бауыржан Исаевтың әндері хит болып жатқан кез еді. Ұялы телефон деген мүлдем жоқ. Баршамыз үй телефонын пайдаланатынбыз. Бірде салық басқармасынан үйдегілерге хабарласып, тез келуімді өтініпті. Өзім 10 күн бұрын ғана бүкіл салығымды төлеп қойғандықтан, бір шикілік орын алған шығар деп уайымдадым. Кәсіпкер болған соң, «дұрыс төлем жасамадым ба?» деген күдікте келді. Бүкіл құжатымды жинап, айтылған кабинетке бардым. Кезек көп екен. Екі сағаттай күтіп ішке ендім. Содан, шақырту бойынша келіп тұрғанымды айтсам, олар «жақында тойланатын кәсіби мерекеде ән салып берсеңіз» деп ұсыныс айтып тұр. Сол кезде барып, әнші Бауыржан Исаевпен шатастырғанын түсіндім. Жағдайды айтып, жұмысыма кеттім», - дейді Бауыржан Ибадуллаұлы.

Тағы бірде үй телефонына хабарласқан іс-шара ұйымдастырушы тарап Б.Исаевты сұрайды. «Тез арада бізге хабарлассын, біз сыйлыққа ұсынып жатыр едік» - дегенде барып, жағдайды бірден түсінген анасы, баласының әншімен тек аттас екенін ғана айтыпты.

Бауыржанның бүгінгі мақсаты – туған жерді түлету. Қазір Алматыдан ауылына келіп халыққа қызмет етіп жүр. Бұл бағыттағы жұмыстарға белсене кіріскен мемлекеттік қызметкер қазірдің өзінде жерлестерінің ризашылығына бөленіп, алғысын алуда

Кентау қаласында халқы үшін туған қайраткер Сұлтанбек Қожановтың ұрпақтары тұрады. Соның бірі алаш арысының кіші інісі Сейдолланың кенже баласы, атасының атын иемденген Сұлтанбек Қожанов.

«Менің атымды: «Сұлтанбек ағамның аты өшпесін, ұмытылмасын», деп әкем қойған екен. Аталарымның, әкемнің өсиеттерін, естеліктерін мен де бала-шағама жиі-жиі айтып отырамын. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде және атамның, әкемнің қайтыс болған күндерінде ағайын-туысты жинап, ол кісілердің аруағына жыл сайын құран бағыштап тұрамыз. Атам Сұлтанбек туралы кітапты жарыққа шығардық. Онда атам жайлы білетін жандардан, мұражайлардан, әдебиеттерден біршама мәліметтерді де жинақтадым», – дейді Сұлтанбек Қожанов.

Ал, Шымкентте тұратын Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл есімді иелену мен үшін үлкен абырой», дейді. «НазМед» медицина орталығында бас дәрігер болып қызмет атқаратын ол, Елбасымен аттас болу үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін айттады.

«Алдыма келген пациенттер бейджигімде жазылған есімімді көріп, сенбей қайта сұрап жатады. Іс-сапармен жүріп, кей мекемелерге тіркелмекші болып, құжатымды ұсынған кезде де бетіме таң қалысып қарайтындар көп. Бірде жол патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Шені аға лейтенат екен. Құжаттарымды көрісімен капитанын шақырып, есімім жазылған құжаттарды көрсетті. Екеуіде күліп қарап, сәттілік тіледі», - дейді Нұрсұлтан.

30 жастан енді асқан Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен жандар есімін естіген кезде таң қалысады екен. Алғашқыда сенбейтіндер, куәлігін көрген соң, суретке түсіп, сельфи жасайды.

Нұрсұлтан Нәліханұлы 1989 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Атасы Назарбай сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүрген Н.Ә.Назарбаевтың жолын берсін деген ниетпен есімін Нұрсұлтан қойыпты. Себебі, сол кездегі қазақ жастарының арасынан шыққан көшбасшыға деген отбасының құрметі жоғары болған.

Ал, Кентау қаласында Елбасы есімді азамат тұрады. Ерекше есімді иеленген оған да көпшілік таңданыспен қарайды екен.

«Есімімді есіткен адамдар бірден таңданысын білдіріп жатады. Қызыға қарайды. Сенбейтіндерге төлқұжатымды көрсетемін. Жол патрульдік полициясының қызметкерлері тоқтатқанда да құжаттарымды көріп, қайта-қайта қарағаны бар. Аталарымыз елдің басы болсын, замандастарының көшбасшысы болсын деп осы атты азан шақырып қойған екен. Елбасы есімін иеленген соң, оны абыроймен алып жүру керекпіз», - дейді Елбасы Сейітмұратұлы.


Соңғы жаңалықтар