«Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайындағы тосын оқиға: Ұшақ қозғалтқышы сараптамаға жіберілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайында түтіндеген Airbus A320 ұшағының қозғалтқышы ақау шығу себебін анықтау және одан ары жөндеу үшін сараптамаға жіберілді. Бұл жайында «Эйр Астана» әуе компаниясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 қыркүйек күні «Атырау-Астана» бағытындағы КС 982 рейсін орындаған Airbus А320 ұшағы Астана әуежайына сағат 17:17-де штаттық режімде қонды. Атыраудан ұшып шығар алдында ұшақ міндетті техникалық қызмет көрсетуден өткен және рейсті орындауға толықтай дайын болған. Астанаға келгеннен кейін, әуе кемесі тұраққа тоқтап, сағат 17-26-да екі қозғалтқышын да өшірген соң әуе компаниясының инженерлік қызметі сол жақ қозғалтқыштың түтіндегенін анықтады. Инженерлік қызмет пен өрт сөндірушілер сағат 17:39-да өртті толықтай сөндірді», - делінген таратылған ақпаратта.

Компанияның атап өтуінше, ұшақ экипажы болған жайт жайында жолаушыларды дер уақытында хабарландырып, жағдайды толық бақылауда ұстаған. 91 жолаушы мен 8 экипаж мүшесін ұшақтан түсіру штаттық тәртіппен трап арқылы жүзеге асырылды. Зардап шеккендер жоқ.
«Болған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта қозғалтқыш ақау шығу себебін анықтау және одан ары жөндеу үшін сараптамаға жіберілді. Ұшу қауіпсіздігі «Эйр Астана» әуе компаниясының басымдығы саналады. Сондықтан жағдайды анықтау үшін барлық шаралар қабылданады», - деп атап өтеді баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар