Нұрсұлтан Назарбаев: Астана дамып келеді және бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев National Geographic телеарнасы түсірген «Мегағимараттар: Астана - болашақтың қаласы» деректі фильмінде Астана туралы өз пікірін білдірген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мемлекет басшысы қазіргі жаңа Астананың орны жиырма жыл бұрын жапан дала болғанын еске алды.

«Біздің тәуелсіздігімізге бар болғаны 25 жыл. Бұл уақыт аралығында бір кездері 150 мың адам тұрған қала миллиондардың мекеніне айналды. 2030 жылға қарай, екі миллион халқы бар қалаға айналатын шығар. Бұл жылдары экономика 20 еседен астам ұлғайды (...) Қаланың өзіне тән өмір салты қалыптасты, өздігімен дамып келеді және оны тоқтату мүмкін емес», - деді Мемлекет басшысы National Geographic телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесі туралы сөз қозғаған Қазақстан Президенті баламалы энергия көздерінің - әлемнің техникалық прогресінің қозғаушы күші екенін атап өтті.

«Біз Астананың жаңа заманауи ауданын тұрғыздық. Ал сфера - дүние жүзіндегі ең үлкен сфералық ғимарат. Оның сегіз қабаты бар және әр қабатта баламалы энергияның бір түрі көрініс тапқан», - деп толықтырды Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде атақты National Geographic телеарнасы түсірген «Мегағимараттар: Астана - болашақтың қаласы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Қазақстан астанасындағы қолайсыз ауа райы мен күрделі логистикалық, инфрақұрылымдық жағдайларға қарамастан ірі нысандардың, оның ішінде жаңа вокзал мен әуежайдың тұрғызылуы баяндалатын бұл фильм 10 тамыздан бастап, әлемнің 40-тан астам елінде 22 тілде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар