Нұрсұлтан Назарбаев: «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында осы мәселені атап өтті. 

Президент мақалада көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп терең зерделеуді талап ететініне назар аударады. Бұл ретте Елбасы мұндай жұмысты бірнеше ірі жоба арқылы бастауға болатынын жазады.

«Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесінде елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет деп санаймын»,- деп жазады Елбасы.

Бұл ретте Н.Назарбаев жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарына баса мән беру керектігін алға тартады.

«Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру керек. Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойына өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Айта кетейік, бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын. Сондай-ақ Президент «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық саябақ ашуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар