Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державаларды тікелей диалогқа көшуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар көшбасшыларын санкциялар режимінен тікелей диалогқа көшуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтас әлемнің келешегін анықтайтын негізгі жаһандық державалар көшбасшыларының тиімсіз санкциялар режимінен тікелей диалогқа көшуі маңызды. Осы орайда АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ өкілдері арасында қалыптасқан геосаяси дағдарыстан шығу жолын талқылайтын уақыт келді», - деді Елбасы елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның келіссөздер үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.

«Мен мұндай әңгімені аталған мемлекеттердің көшбасшыларымен жүргіздім. Жалпы алғанда, бұл мәселені барлығы түсініп отыр. Бұл жұмысты негізгі ақыл-ой орталықтарының диалогынан министрлік жоғары деңгейге көтеру жолымен ұйымдастыру қажет. Мұндай алаңды өз астанамызда ұсына алатынымызды тағы да атап өткім келеді», - деді Н. Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты жаһандық архитектураның іргетасы бола алатын үш негізгі диалогты атап көрсетті.

«Біріншісі – АҚШ, Қытай және Еуропалық одақ арасында. Бұл - ірі экономикалар мен аумақтар, олар адамзаттың тағдырына ықпал ете алады. Жылдар бойы ірі мемлекеттер әлем алдындағы жауапкершілікті алып жүрген. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар лигасы құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ құрылды. Барлық кедергілер келіссөз арқылы шешілген. Екінші диалог – Еуразия деңгейінде АӨІСШК, ЕҚЫҰ сынды әлеуеттердің бірігуі болмақ. Үшіншісі – Еуразиялық экономикалық одақ пен ЕО, ШЫҰ, АСЕАН арасындағы инвестициялық диалог болмақ. Яғни, мұндай үлкен экономикалық интеграция барлығы үшін қызықты болмақ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, елордада XII Астана экономикалық форумы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өтіп жатыр. Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда.

Форумға қатысатын шетелдік қонақтар қатарында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян, Nokia Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Гомер сынды танымал тұлғалар бар.

Соңғы жаңалықтар