Нұрсәуле Мұсаева: Президент Жарлығы - қарапайым халықтың көңілінен шығатын аса құптарлық іс

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы аналардың қарыздарын азайту жөніндегі Жарлығы қарапайым халықтың көңілінен шығатын аса құптарлық іс. Бұл дер кезінде қолға алынып отыр, - деген пікір білдірді Қызылорда облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева ҚазАқпарат тілшісіне.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы аналардың қарыздарын азайту туралы Жарлыққа қол қойды .

Оның айтуынша, көп балаларға арналған бұл қамқорлық тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған. Алған несиені қайтара алмау салдарынан қиын жағдайда қалған көп балалы аналарды қолдау бағытында мемлекет тарапынан осындай игі қадам жасалды.

«Дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттерде мұндай қамқорлық жасала бермейді. Біздің елімізде бүгінгі күнге дейін тұрмысы төмен отбасыларды қолдау бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Атап айтқанда, мұндай отбасылардың баспаналы болуына, түрлі жәрдемақы тағайындалуына барлық жағдай жасалды. Сондықтан бүгінгі алмағайып заманда мемлекет тарапынан тағы да осындай қолдау көрсетілуі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы игі қадамның бірі», - деді Н.Мұсаева.

Ол несие алуға байланысты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттілігін атап өтті. Жалпы, бұл мәселеге байланысты әрбір отбасының есебі болуы тиіс.

«Әрбір отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға арқа сүйеп отыру деген түсініктен арылғаны дұрыс. Еңбек ету арқылы отбасы қаржысын молайтуға мән бергені жөн. Мұндай жағдай болмаған кезде олар қаржылық қиындыққа душар болады. Сондықтан алдағы уақытта ел арасында осы бағытта насихат жұмыстарын жүргізгеніміз абзал», - деді Нұрсәуле Мұсаева.

Соңғы жаңалықтар