Нұрпрезидент: Қызылордалық сәбидің әжесі ерекше есім қою себебін түсіндірді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі кентінде тұратын Теміровтер отбасы дүниеге келген ұл баланы Нұрпрезидент деп ерекше есім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елді елең еткізген ерекше есімді әжесі Қалдыгүл Темірова қойған екен. Ол кісі еліміздің тәуелсіздік жылдарында өсіп-өркендеуін, дамуын, оң өзгерістерін жоғары бағалайды. Қазақстанның дүниежүзіне абыройы асқақтап, беделі биіктей түсуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор екенін айрықша бағалайды.

«Елбасымыз Қазақстанды дамытуда көшбасшылық қасиетін көрсетіп келеді. Қазақ қашаннан бері ырымшыл халық. Перзентіміз болашақта жоғары биіктерден көрінсе дейміз. Жарық дүние есігін ашқан немереме осындай себеппен Нұрпрезидент есімін беріп отырмыз. Бұл есімді отбасыммен ақылдаса отырып, өзім қойдым», - деді Қалдыгүл Темірова ҚазАқпарат тілшісіне.

Нұрпрезиденттің атасы - Палмахан пен әжесі - Қалдыгүл қарапайым еңбек адамдары. Бұрынғы жылдарда ауданда жеміс-жидек өсірумен айналысқан Алмалы ауылында еңбек етті. Отбасында 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Нұрпрезидентің әкесі - Қанат отбасында ұлдың үлкені.

«Бұл есімге көпшілік таңғалып жатыр. Біз дүниеге келген перзентімізге осындай есім беруге ниет еттік. Немерем үмітімізді ақтап, халқының қалаулы азаматы болады деген сеніміміз бар», - деді Қ.Темірова.

 Нұрпрезидент үстіміздегі жылдың 29 наурызында Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығында өмірге келді. Оның әкесі - Қанат Теміров 28 жаста, ал анасы - Гүлшат Бекжаппарова 27-де. Отбасының үлкені - Гүлшанат 2 сыныпта оқыса, Мұхамедәли 3 жасқа толады. Нұрпрезидент - бұл шаңырақта үшінші перзент. Әкесі - Қанат мұнай саласында вахталық әдіспен еңбек етеді. Анасы - Гүлшат қазір бала күтіміне байланысты демалыста. 

Соңғы жаңалықтар