Нұрлыбек Үдербаев: Коронавирустың қай мутациясы болсын алдымен иммундық жүйеге әсерін анықтау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жақында коронавирустың жаңа мутациясы пайда болғаны туралы ақпарат тарады. БАҚ Британиядағы науқастардың бірі ұзақ уақыт бойы емделгендіктен, оның бойында SARS-CoV-2 эволюциядан өткенін жарыса жазып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, вирустың жаңа вариациясы қыркүйекте пайда болған. Бұл тағы бір қауіп келе жатыр дегенді білдіре ме? Бұл сұрақты ҚазАқпарат тілшісі академик, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-хирург Нұрлыбек Үдербаевқа қойып көрген еді.

Нұрлыбек Үдербаев бұған дейін медицина саласында 80-ге тарта ғылыми еңбек жазған. Оның ішінде алты еңбегін патенттеп үлгерген. «Зақымдалған бауыр хирургиясы» монографиясын жарыққа шығарып, Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік маңызы бар 3 жобасына әрі 2 ғылыми-зерттеу жұмысқа жетекшілік еткен білікті маман.

«Бұл вирусты қалай болса да өсіріп шығара беруге болады. Оның штамы мыңға дейін жетсе де ғажап емес. Бүгінге дейін коронавирустың 6 штамының бары белгілі. Олар әртүрлі. Әрбір штамға вакцина керек. Ал вакцина біреу ғана. Бәлкім, ол штамдардың саны 16 шығар. Біз оны білмейміз. Мәселе онда емес. Мәселе – біздің иммундық жүйе індеттің бұл түрлерінің шабуылын көтере ала ма? Біздің денсаулық жүйеміз оған қарсы тұра алуы үшін не істеу керек? Сұрақ сонда», - деп сөзін бастады дәрігер-хирург.

Нұрлыбек Үдербаевтың айтуынша әлемде қазіргі уақытта коронавирусты жұқтырғандардың да, одан көз жұмғандардың да саны артып барады. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдардың жағдайы қиындай түскен.

«Ол үшін адамзатқа не істеу керек? Вирустың ағзаға ену процесі үдеп тұрса адамдардың иммундық жүйесі дұрыс жұмыс істейтіндей әрекет қылған жөн. Ал оны ешкім тексере алмайды. Әлі күнге дейін бәрі «иммунитеті төмен адамдар індетке көбірек шалдығады екен» деп шулап жүр. Ал сол иммунитетіміздің жай-күйін кім тексеріп жатыр? Міне, біз дәл осы мәселені кейінгі 10 жылдың ішінде басты нысанаға алдық. Адамзат бертінгі жылдарды қарасақ, құс тұмауын да, эболаны да, шошқа тұмауын өткерді. Бәріміз қырылып қалған жоқпыз ғой. Ал біз онкологиялық науқастардың жай-күйін зерттей келе адамның иммундық жүйесінің жағдайын анықтауды үйрендік. Мәселен, адам анализімен бізге келсе оның иммундық жүйесіне баға беретін стандартталған, автоматтандырылған жүйені ойлап таптық. Яғни қан құрамының анализімен-ақ адамның бойындағы жасырын инфекцияларды анықтауға болады», - дейді ол.

Академик осы жүйе арқылы адамның иммундық жүйесі қалай жұмыс істейтінін және оның ағзасы коронавирусқа қарсы қаншалықты қауқарлы екенін анықтап беретінін айтады. Жалпы анализ қорытындысы бойынша осы жүйе арқылы мамандар адамда қандай созылмалы ауру барын, бойында қандай жасырын инфекция барын айқындап беретінін жеткізді. Бұл жүйе арқылы гемоглобин, эритроцит, лейкоцит мөлшерін поштаға жолдап, бірнеше секундтың ішінде иммундық жүйенің жай-күйін білуге мүмкіндік бар. Көрсеткіш 0-100 аралығын көрсетсе денсаулық жайы қалыпты деуге болады. Ал егер +150 немесе -80 көрсетсе – ағзада қандай да бір ақау бар дегенді білдіреді.

«Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, адам денсаулығын қай бағытта түзеу керегін біле алады. Ол іспен де айналысамыз. Адамның ағзасын ауруға қауқарлы етерлік ем-дом жасауға мүмкіндігіміз бар. Бізде әдетте соңғы сатыда онкологиялық аурулар келіп емделеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Германияда қомақты қаражатқа емделіп келіп, бізге келетіндер бар. Солардың кейбірін емдеп алып жатырмыз. Адам ағзасында белгілі бір қор болса, оны жетілдіріп, ағзаны қорғай алатындай дәрежеге жеткізуге болады. Ал ондай қор болмаса, біз бірден айтамыз», - дейді ол.

Қазақстандық мамандар жасап шығарған бұл жүйе Tissap деп аталады екен.

«Коронавирустың жаңа мутациясы пайда болды деп тағы жұрт дүрлігіп жатыр. Енді бір жылдан кейін олардың тағы 15 штамын тауып алса да таңғалмаймын. Оны анықтап алу оңай. Ал ол адамның ағзасына қалай әсер ететінін білу – басқа мәселе. Бәлкім, сол жаңа штамдардың бірі адамның миына әсер ететін болар. Мысалы, қазір коронавирустан қайтыс болғандар неден кетіп жатыр? Қан айналымы жүйесіндегі ұсақ капилярлар өкпе жүйесіне тығылып, тығындалып қалады да, адам тұншығып көз жұмады. Ал қазір анықталған жаңа штамм бауырға әсер ететін болар? Тағы бірі бүйректі зақымдауы мүмкін. ДНҚ құрылымын қалай бұрсаң, солай қарай жүре береді. Бірақ адам оған алдын ала қамданса, оның иммундық жүйесінің қауқары арта түседі. Яғни ағзаның қорғанысы ол вирусты «жеп қояды»», - деп пікір бөлісті Нұрлыбек Үдербаев.

Нұрлыбек Үдербаев бұл жүйені патенттеп, авторлық құқықты да алған. Ендігі кезекте мемлекеттен қолдау сұрап отыр. Айтуынша бұл жүйені бүкіл елге жаппай енгізу керек. Осылайша, медицина ғылымдарының докторы санаулы күндердің ішінде 18 миллион адамның иммундық жүйесі қалай екенін анықтап алуға болатынын айтады.


Соңғы жаңалықтар