«Нұрлы жол» қаржысы қатаң бақылауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы негізінен Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі бағытындағы бірқатар стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді қарастырады.

Өңірлерде көлік-логистика, индустриялық, энергетикалық және тұрғын үй инфрақұрылымын кешенді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, кәсіпкерлік пен іскерлік белсенділікті қолдау да осы 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көзделген. Бағдарламада жаңа кәсіпорындар ашып, халық үшін кеңінен жұмыс орындарын құратын, дағдарысқа қарсы шаралар қамтылған, сондай-ақ ол алдағы жылдары экономиканың өсуі үшін тұрақты негіз қалыптастырады. Мәселен, құжаттық болжамдарға сәйкес, 2019 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2014 жылмен салыстырғанда 15,7%-ға ұлғаяды, бұл 400 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның негізгі инфрақұрылым сапасының рейтингі бойынша 62-орыннан 57-орынға дейін көтеріліп, көрсеткішін жақсартады.

Әрине, осы мақсаттарға мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлінуде. Ал түпкі нәтижесі сол қазынаның сапалы әрі тиімді игерілуіне байланысты болатыны да сөзсіз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражаттың игерілуін бақылау үшін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан комиссиялар құруды тапсырған болатын.

Айта кетерлігі, Парламент Мәжілісінде республикалық бюджеттен, сондай-ақ Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша төрт бағыттағы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия қаржының бөлінуін ғана емес, оның сапалы игерілуін де бақылауда ұстайды. Өйткені, бұл мемлекет болашағына қатысты болжамдардың орындалуына түбегейлі әсер ететін бағыт. Сондықтан да, депутаттар «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын қатаң талап ететін болады. Бұл ретте біршама оқылықтар да анықталған болатын.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, «Нұрлы жол» бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытына қатысты уәкілетті органдардың мәліметтеріне қарағанда, бағдарламада жоспарланған 11 дәліздің алтауында ғана жұмыс жүргізілуде. Кейбір учаскелердің құрылысы бірнеше жылға созылып барады. Арасында туындаған дауға байланысты соттасып жатқандар да бар. Биылғы жылдың қазанына дейінгі жағдай бойынша, 922 шақырым жол пайдалануға берілген. Ал пайдалануға берілген осы учаскелердегі жұмыс 2013 жылдың басында қолға алынған еді.

Бұл жерде депутаттар қазынадан қаражат бөлінгеніне қарамастан жол құрылысы жұмыстарының кешіктірілуіне алаңдайды. Айтуынша, ең басты себеп - бөлінген қаржының көптеген қосалқы мердігерлерге бөлшектеніп, бөлініп кеткендігінде жатыр. Ал жол салынатын учаскелер мердігерлердің шама-шарқына, қаржы-экономикалық мүмкіндігіне, ең негізгісі - қажетті жол-құрылыс техникаларының жеткілікті болуына қарай берілуі тиіс еді. Жұмыстардың кеш басталуы және күзге қарай басталуы да өз әсерін тигізуде. Жұмыстың қазіргі жай-күйі, қарқыны істің бастапқы кезден-ақ тиімді ұйымдастырылмағанын көрсетіп тұрғандай. Соның салдары жолдардың сапасыз салынуына соқтыруы әбден мүмкін.

Айта кетерлігі, «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бағыты да әлеумет үшін аса маңызды. Биыл Ұлттық қордан жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысына 202,5 миллиард теңге бағытталған болатын. Қыркүйек айының 1-іне дейінгі мәліметтерге қарағанда, сол қаржының 110,2 миллиард теңгесі игерілген.

«Бұл ретте назар аударатын әрі жыл сайын қайталана беретін бірнеше өзекті мәселе бар. Олар - сараптама жасалған жобалау-сметалық құжаттаманың болмауы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс салушылардың өзара келісімсіз әрекет етуі. Жалпы, жаппай құрылыс жұмыстары жүргізілетін аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға 78,5 миллиард теңге көзделген болатын. Осы қаржының 50,7 миллиард теңгесі облыстарға аударылған еді. Қазіргі кезде осы қаражаттың 95 пайызы игерілді. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, түрлі себептерге байланысты өзге өңірлерге қарағанда, Солтүстік Қазақстан (67 пайыз) және Астана қаласы (69 пайыз) бөлінген қаржыны игеруде салғырттық танытқан. Аталған бағыт бойынша жұмыс істеген комиссия бұдан басқа да бірқатар кемшіліктерді анықтады. Негізінен олар жобаларды жоспарлау мен басқару сапасының төмендігіне қатысты. Өйткені, конкурстық рәсімдер кеш өткізіледі, жоспарланған жұмыстарды орындау кестелері жиі бұзылады. Осының салдарынан бөлінген қаражат толық игерілмейді», - дейді депутат Нұртай Сабильянов.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі индустриялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның бірі - Атырау облысында құны 233 миллиард теңге болатын «Ұлттық өнеркәсіптік мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық нысандарын салу. Бұған 2014-2016 жылдары республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 103 миллиард теңге бөлінген.

Депутаттар осы жобаны іске қосу мерзімі созылып кетуі мүмкін екенін де еске салады. Себебі, аталған нысан инфрақұрылымының жобалық құжаттамасы өз уақытында дайындалмаған, оған әлі де өзгерістер енгізіліп жатқан көрінеді. Оның үстіне өткен жылы осы жобаға бөлінген қаражат толық игерілмей, есеп-шоттарында 21 миллиард теңге қалып қойған. Биылғы жылы да шамамен 17 миллиард теңге игерілмей қалады деген болжам жасалып отыр. Ал индустриялық жобаның екіншісі - «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандарын салу жайына келетін болсақ, тиісті 68 нысанның 51-і қабылданған, қалған нысандар жыл соңына дейін толық тапсырылмақ.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беруге Ұлттық қордан жалпы көлемі 200 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына өткен жылы 50 миллиард теңге бағытталды. Ал кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген осы және басқа да қаражаттардың жұмсалуына келсек, жеңілдетілген несиелерді мақсатсыз пайдалану бойынша 8,7 миллиард теңгені құрайтын қаржылық заңнаманы бұзушылық анықталып отыр.

«Бұл бөлінген несиелердің мақсаты - өңдеуші өнеркәсібін дамыту, жұмыс орындарын ашу. Негізі осы жағына назар аудару керек. Сондықтан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстан Даму банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалану және өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің өсуіне олардың әсер ету тұрғысынан бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне толық мониторинг жүргізуі қажет», - дейді депутат Н. Сабильянов.

Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанның алға қойған мақсатына қол жеткізу жолында ұлттық экономиканың барлық саласында табысты дамуына тікелей ықпал ететін болады. Бұл ретте, бағдарламаны табысты жүзеге асырудың маңызды факторы қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау, сондай-ақ, тиімді инвестициялық және жобалық шешімдерді таңдау бойынша жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғамды, қоғамдық кеңестерді тарту болып табылады.

Соңғы жаңалықтар