«Нұрлы жол» бойынша 6,5 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды - Қаржы министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 6,5 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есепті кезеңде 18 аудиторлық іс-шара іске асырылды. 37,4 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды.

Жалпы 6,5 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 4,3 млрд теңгесі Астана қаласы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалауға, дамытуға және салуға конкурстарда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына байланысты және 1,2 млрд теңгесі Қарағанды облыстық құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасымен орта білім беру нысаны қабылдап алу актісіз қолданысқа беруімен байланысты болды», - деді министр.

Оның айтуынша, есепті кезеңде бұзушылықтардың 339 млн теңгесі тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды атқарып қалпына келтіру жолымен түзетілді. Қалған сомасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алдыңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алған төлеушілерден бюджетке түскен салық көлемі ағымдағы жылдың 1 қарашасында 41 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке табыс салығы - 4 млрд теңге және корпоративтік табыс салығы - 15 млрд теңге. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 млрд теңгеге салық көп түсті, яғни  өсу қарқыны 11 пайызды құрады. Жыл соңында мемлекеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізу үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бағдарламаға бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі керек», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар