«Нұрлы жол» бағдарламасы тағы бес жылға ұзартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Қазіргі бағдарлама 2020 жылға дейін есептелген, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Роман Склярдың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы ел экономикасына әлеуметтік-экономикалық оң әсерін тигізді. Көлік инфрақұрылымы жақсарып, республикалық автомобиль жолдары, магистральдық теміржол желілері мен логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілеті арта түсті. Өткен жылы көлік қызметтерінің көлемі 4,6 процентке, ал еңбек өнімділігі 3,4 процентке өсті. Осыған байланысты «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Көлік саласын одан ары дамыту шаралары аталған құжатта көрсетіледі.

Бағдарлама аясында инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты мен қағидаттары белгіленеді. Біріншіден, облыстық және аудандық деңгейге баса назар аудара отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Екіншіден, көлік түрлерін бірыңғай жүйеге біріктіру контекстінде көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары жүргізіледі. Үшіншіден, интеллектуалдық технологияларға, цифрландыруға және жаһандық жүйелерге интеграциялауға негізделген шешімдерге баса назар аударылады.

«Бүгін тұжырымдама әзірлену үстінде және биыл наурыз айында қарауға ұсынылатын болады. Бағдарлама жобасы маусым айына дейін жасалады, мемлекеттік органдармен келісу тамыз айына дейін аяқталады. Қыркүйек айында Республикалық бюджет комиссиясының және Үкімет мүшелерінің қарауына енгіземіз», - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Биыл 4 400 шақырым жолды салу және қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

«Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей Федерациясының шекарасына (Астраханьға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл соңында қайта жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарлануда. Астана-Павлодар (441 км), Щучинск-Зеренді (80 км), Бейнеу-Ақжігіт (85 км), Таскескен-Бақты (20 км), Жетібай-Жаңаөзен (73 км) жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталатын болады», - дейді Р.Скляр.

Бұдан бөлек, министр ақылы жолдардан түсетін табыстың көлемін жариялады.

Соңғы жаңалықтар