«Нұрлы жол» бағдарламасы елорда әуежайына жаңа мүмкіндіктер берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде әуе қатынасы транзитін дамытуда өте жақсы үрдіс байқалады. Алматы мен Астана арқылы барлық бағыттарда әуе сапарлары жиілей түсті. Бұл тұрғыда қазіргі кезде біздің әуежайларымыздың транзиттік терминалдарға айнала бастауы қуантады.    

Атап айтқанда,биыл еліміздегі әуе тасымалы саласындағы өсім қарқыны сақталып келеді. 2018 жылдың 10 айында жергілікті әуежайлар 12,7 млн адамға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сүйенсек, есепті кезеңде Қазақстан Республикасының әуе компаниялары 6,8 млн жолаушыны тасымалдады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әуе көлігімен жолаушылар тасымалының өсімі 10 пайызды құрады.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) баяндамасында Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ең серпінді дамып келе жатқан нарықтардың бірі болып танылып отыр. IATA болжамына сәйкес, алдағы 20 жылда біздің еліміздегі әуе көлігімен сапарлаушылар саны 8 миллионнан 18 миллионға дейін артады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әуе тасымалының ішкі нарығында «Эйр Астана», «SCAT», «Бек Эйр», «Qazaq Air», «Жезқазған Эйр», «Жетісу», «Южное небо» сияқты 7 қазақстандық әуе компания жұмыс істейді. Ішкі нарықтағы халық ең көп ұшатын «Алматы - Астана - Алматы» әуе бағыты. Орташа есеппен Астанадан Алматыға және кері ұшуға болатын күнделікті 19 рейс бар.

Екінші халық көп ұшатын «Алматы - Шымкент - Алматы» бағыты.

Үшінші орында Астана - Шымкент - Астана бағдары. Бұл бағытта 3 әуе компания  аптасына жиілігі 60 рейс орындайды.

Қазақстан Республикасында халықаралық нарықта жолаушылар тасымалдайтын 25 шетелдік және 2 қазақстандық әуе компания бар. Бұл өз кезегінде еліміз аумағындағы әуежайларға, әсіресе, Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына жүктемені арттырып отыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасының игілігі

Астана қаласының әуежайы 1931 жылы кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін ашылған. Бүгінде 87 жыл өткеннен кейін, әуежай Еуразиядағы ең заманауи әуежайлардың біріне айналды. Онда тәулік бойы алыс және жақын шетел аймақтарына  сапарлайтын ұшақтарға қызмет көрсетіледі. 1948 жылдан бастап ауыр ұшақтарды қабылдай бастаған әуежай 1956 жылы тәулік бойы жұмыс режіміне көшті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2017 жылғы 20 маусымдағы № 381  қаулысына сәйкес, Астана халықаралық әуежайына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» - мемлекеттің имиджіне оң әсер ететін стратегиялық нысан. Бүгінде бірқатар елдерде ірі нысандар мен халықаралық әуежайлар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атымен аталады. Мысалы, Ататүрік атындағы Ыстанбұл әуежайы - Еуропадағы ірі әуежайлардың бірі. Сонымен қатар Парижде Шарль де Голль атындағы, сондай-ақ Нью-Йорк қаласындағы  Кеннеди есімі берілген әуежайлар бар. Сондықтан мемлекет басшыларының есімі берілген әуежайлар аз емес.

Астана - Еуразиядағы ірі іскерлік, мәдени және ғылыми хаб. Жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму мен Қазақстан танымалдығына байланысты елордадағы халық пен қонақтар санының қарқынды өсуі болжанып отыр. Бұл тұрғыда елордадағы әуежай әлемнің ірі қалаларымен жалғастыратын басты байланыс желісі - Орта Азия өңірінің аймақтық хабы.

Атап айтқанда, Астана әуежайындағы бұрынғы терминалдың өткізу қуаты 3,6 млн жолаушыға арналғанын ескерсек, болашақта осы көрсеткіш тежеуіш факторға айналар еді. Осыған байланысты елордада әуе байланысына сұраныстың артуын қанағаттандыру үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында шаһардағы әуежайда жаңа терминалдың құрылысы жобасы іске асырылды.

2017 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр болатын жаңа терминалын ашқаны есімізде. Осы орайда ескі ғимараттан ішкі рейстер ұшырылып, жаңа терминал xалықаралық рейстерге қызмет көрсетіп келеді. Енді, Астанадағы әуежайдың екі терминалы бар. Жаңадан салынған жағы «Т1» деп белгіленсе, ескі ғимарат «Т2» болды.

Жаңа терминал жылына 5 миллионнан астам жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Ескі ғимаратпен бірге аталған көрсеткішті 8 миллионнан астам жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Жаңа терминалда төрт кіреберіс бар. Ішінде жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 50 кабина орнатылған. Жаңа жүйенің арқасында қол жүктердің 1 200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Жүктерді өткізу жүйесінің басты ерекшелігі сол, қандай да бір қауіпті жүктер болса, оның барлығы автоматты түрде бірден басқа жолақпен кетеді де, қауіпсіз аймаққа шығарылады. Екінші қабатта толығымен дәмxаналар мен мейрамxаналар жасақталған.

Осы орайда соңғы буынды технологиямен жабдықталған жаңа терминалда  жолаушылар қауіпсіздігі мен олардың жайлы сапар шегуі үшін жағдай жасалған.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Рыспаевтың сөзіне қарағанда, көктем-жазғы маусымда Астана әуежайы тәулігіне 17 мың жолаушыға дейін, ал күзгі-қысқы маусымда күніне 12 мыңға дейін адамға қызмет көрсетеді. 2017 жылы әуежайдағы жолаушы ағыны 4,2 млн адамды құраса, биылғы жыл соңына дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 4,8 млн жолаушыны өткізеді деп күтілуде. Соның ішінде, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі қарсаңында іске қосылған  жаңа терминал 2017 жылғы маусым айынан 2018 жылғы қарашаға дейін 2,5 млн жолаушыға  халықаралық бағытта қызмет көрсеткен.  

Мамандардың пайымынша, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» жаңа терминалы болжам бойынша алдағы 10 жыл бойы жолаушылар ағынына қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді.

Бүгінде Астана әуежайы әуе кемелердің барлық түрлерін шектеусіз қабылдай алады. Астаналық әуежайды дамыту жұмыстары ИАТА (Әуе қатынасының халықаралық қауымдастығы) және ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Әуежай Ground Handling Council IATA халықаралық ұйымының құрамына енген және азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) ІІІА санаты бойынша сертификатталған.

Соңғы жаңалықтар