«Нұрлы жерге» - 1 жыл: Жаңа бағдарлама халыққа не берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап «Нұрлы жолда» болған қолжетімді баспананың «Нұрлы жер» бағдарламасына ауысқаны белгілі. Соның ішінде тұрғын жинақ жүйесі, ипотекалық несиелерді субсидиялау сияқты тиімді жолдар бар. Әрине, жер болмаса, «Нұрлы жер» бола ма? Жаңа бағдарламада жер учаскелерін беру мәселесі де ескерілді. Тіпті, арзан коттедждер салына бастады. Оны «Нұрлы жердің» басты «фишкасы» деуге болады. Дегенмен, бір жылдың ішінде қандай шаруалар атқарылды? Баспаналы болғандар көп пе? ҚазАқпарат тілшісі «Нұрлы жердің» әрбір бағытына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі xалықтың сенімін ақтап отыр ма?

Сөз жоқ, бүгінде xалықтың басым бөлігі тұрғын үй жинақ жүйесін таңдайды. Оны салымшылар жинаған ақшадан анық байқауға болады. Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымдардың жалпы көлемі жарты триллионға, нақты айтсақ, 489 млрд теңгеге жетті. Ал келісімдердің саны 1 млн. 83 дананы құрап отыр. Әрине, бір адамның бірнеше есепшотты аша алатынын ескерсек, салымшылардың саны миллионға әлі жете қойған жоқ. Дегенмен, «Нұрлы жердің» дәл осы бағыты xалық арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі ақшаны уақытында салып отырса, үш жылдан кейін арзан бағаға пәтер алуға мүмкіндік бар. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Алайда салымшылар көп болған сайын бәсеке де қыза түседі. Мәселен, пәтер бағасының 30 пайызын жинап, конкурсқа қатыссаң да, 50 пайыз жинағандар өтіп кетеді. Сол сияқты үйдің жартысын төлеуге дайын тұратындардың алдын толық сомасы бар адамдар орап кетеді. Оған қоса, осы санаттағы пәтерлердің саны шектеулі.

Жергілікті билік жыл сайын республика бойынша 15 мың пәтерді салып отыруға уәде беріп отыр. Дегенмен, әкімдіктер де, Тұрғын үй жинақ банкі де аталған межеге жете алмай келеді. «Ағымдағы жылда біз 145 үйді қабылдадық. 145 үй ол - 8 672 пәтер. Осы уақытқа дейін 4 000 пәтердің бәрі салымшыларға таратылды. Жылдың аяғына дейін республика бойынша тағы 52 үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Ол тағы 4 879 пәтер. Өкінішке қарай, біз соның барлығын жылдың аяғына дейін таратып үлгермейміз. Себебі пәтерлердің құжаттарын әзірлеп, келісімдерді рәсімдеу керек. Салымшылар әрбір пәтерді қабылдауы тиіс. Оған біраз уақыт кетеді», - дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

  

Жинақ жүйесінің бір кемшін тұсы бар

Бүгінде тұрғын-үй жинақ жүйесі арқылы салынатын кейбір нысандар кеш тапсырылады. Соның салдарынан конкурстан өткен салымшылар пәтер жалдап, шығын шығаруға мәжбүр. Мәселен, Астанадағы «Жағалау» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру мерзімі бір жылға созылды. Бұған дейін Сауран, 20 мекенжайы бойынша орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің салымшылары да біраз әуреге түсті. Олар конкурстан өтсе де, өз пәтерлерін тағы екі жыл күтті. Пәтер жалдап, шығын шығарды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ештеңе істей алмады. Себебі әкімдікке қысым жасау тетігі жоқ. Ол тетіктің болмағаны да тиімді сияқты. Өйткені банк екі жыл бойы салымшылардың ақшасын айналдырды. Ал әкімдік болса, құрылыс компаниясына айыппұлды салумен ғана шектелді. 

«Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың өзі ондайда ештеңе істей алмайтынын мойындап отыр. «Мен бұл мәселені жақсы түсінемін. Адамдар конкурстан өткеннен кейін пәтер кілтін тағы күтеді. Себебі үйді тапсыру мерзімі шегеріледі. Бірақ бұл жерде тапсырыс беруші біз емеспіз. Құрылысқа әкімдік тапсырыс береді. Әкімдік құрылысты кешіктіретін компанияларға айыппұл салуы тиіс», - деді Л.Ибрагимова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. 

Дегенмен, ондайда салымшылардың құқықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударған жөн. Мәселен, әкімдік үйдің құрылысын кешіктіргені үшін мердігерден өндіріп алған айыппұлын салымшыларға аударып берсе де болады.  Ең бастысы, үйді уақытында тапсырмауына байланысты xалықтың барлық шығындары өтелуі шарт. Әйтпесе, жинақ жүйесі арқылы келген үйдің бағасы нарықпен бірдей болып кетуі бек мүмкін. 

  

Әскерилерге арзан ипотека беріле ме

Биыл тұрғын-үй жинақ жүйесіне қатысты тағы бір тың бастама іске асты. Келесі жылдан бастап әскери қызметте жүрген азаматтар кез келген банктен есепшот ашуы тиіс. Пәтер жалдауға бөлінетін өтемақының бір бөлігі сол шотқа аударылады. Әлбетте, әскерилердің басым бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ағылады. Себебі аталған банктің шарттары да, пайыздық мөлшерлемесі де тиімді болып тұр.

Қазіргі кезде тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша ақшаны, кем дегенде, үш жыл жинау керек. Алайда ипотека, яғни ақшаның 50 пайызын құйып, алдын ала займ да алуға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аталған ипотеканы әскерилерге 5 пайызбен беруді жоспарлап отыр.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, келесі жылдан бастап шамамен 67 мың әскери отбасы жинақ жүйесіне қатысатын болады. Олардың ішінде қорғаныс министрлігі, ұлттық қауіпсіздік қызметі, шекара қызметі, ұлттық ұлан мен мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері бар. «Әзірше, әскерилер үшін алдын ала займды 5 пайыздық мөлшерлемені белгілеп отырмыз. Келесі жылда бізде 120 млрд теңгедей бюджетіміз болады. Бұл дегеніміз, шамамен 8 мың әскери отбасы 2018-2019 жылдары ішінде алдын ала займға тапсырыс бере алады. Қалғандары ақшаны жинай береді. Әрине, заң бойынша әскери азамат кез келген банктен ипотека ала алады. Алайда біз мемлекеттік банк, әлеуметтік банк ретінде әскери азаматтарға тиімді шарттарды ұсынуымыз қажет», - дейді Л.Ибрагимова.

Банк басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде әскери азаматтарға арналған шарттар даярланып жатыр. Жақын арада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оны кеңінен таныстыратын болады. 

  

Ипотека бастапқы жарнасыз беріле бастады

«Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір бағыты - ипотекалық несиелерді субсидиялау. Онымен Қазақстанның ипотекалық компаниясы айналысады. Аталған жүйеге сәйкес, бюджет ақшасы есебінен банктен алынған ипотеканың 6 пайызы өтеледі, қалғанын несие алған адамның өзі төлейді. Мәселен, банктің ипотекасы 16-17 пайыз болса, соның 6 пайызы Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы өтеледі. Аталған қызметтің тұрғын үй жинақ жүйесінен басты айырмашылығы, адам әкімдік, я болмаса, белгілі бір компания салып жатқан үйді күтпейді, нарықтық бағамен кез келген пәтерді ала алады. Әрине, пайыздық мөлшерлеме де, бір шаршы метрдің бағасы екі еседей артық болады. Дегенмен, сапалы пәтерді таңдап алуға мүмкіндік бар.

Қазақстанның ипотекалық компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, жыл басынан бері ипотекалық қарыздарды субсидиялауға 12,3 млрд теңгеге 1 209 өтінім келіп түскен. Соның барлығы дерлік (1180 өтінім) мақұлданды. Дегенмен, келесі жылы компанияны одан да көп жұмыс күтіп тұр. Себебі 2018 жылда 7 мың адамның ипотекасына жеңілдік беру көзделіп отыр. Оған  105 млрд теңге қарастырылған.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының ипотекалық жүйесіне бірқатар түзетулер енгізілді. «Соған сәйкес, баспана құнының 30 пайызын құрайтын бастапқы жарнаға балама пайда болды. Бұл дегеніміз, алғашқы жарнаны төлей алмайтын азаматтар өзіне немесе үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсына алады. Сондай-ақ, құрылыс компанияларына алдын ала төлеген төлемі де есепке алынады. Ол да бастапқы жарна ретінде ескеріледі»,- деді Мұхамеджанов Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Бұдан бөлек, банктердің қарызды субсидиялау туралы өтінішті қарастыру мерзімі бұрынғы алты күннен үш күнге дейін қысқартылды.

Бүгінде аталған бағдарлама бойынша «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк ВТБ» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қатысып келеді. Ал келесі жылы «Цесна Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ , «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Qazaq Banki» АҚ қосылуға ниет білдіріп отыр.

«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ төрағасы Әділ Мұxамеджановтың ойынша, алдағы уақытта ипотекалық несиелердің мөлшерлемесі төмендеуі әбден мүмкін. «Енді, ипотекалық нарықта қандай өзгерістердің болатынын дөп басып, айту қиын. Оны сіз де, біз де айта алмаймыз. Дегенмен, қазіргі ипотеканың ставкалары түсуі керек деп ойлаймыз. Себебі ондай мөлшерлемемен экономикаға үлкен салмақ түседі. Оны бәріміз жақсы түсінеміз», - деді Ә.Мұxамеджанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

 

Кезекте тұрғандар арендалық баспана күтіп жүр

«Нұрлы жер» бағдарламасының келуімен тұрғын-үй саласындағы мемлекеттік саясаттың толығымен нарық ережелеріне көшкенін ерекше атап өткен жөн. Бұл дегеніміз, бұрынғыдай өкіметтен тегін пәтер беру деген жоқ. Ал баспанадан үмітті азаматтар жас отбасы, мемлекеттік қызметші болып бөлінбейді, ешқандай жеңілдік берілмейді. Бұдан былай нақты екі категория болады. Ол - төлем қабілеттігі бар және төлем қабілеттілігі жоқ азаматтар. Бірінші категорияға кіретіндер жоғарыда аталған тұрғын үй жинақ жүйесіне, я болмаса, ипотека бағдарламасына қатыса алады. Ал төлем қабілеттігі жоқтар әкімдік кезегінде тіркеліп, арендалық үйге кіре алады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда,  осы санаттағы тұрғын үйлердің құрылысына жыл сайын 25 млрд теңге бөлініп отырады. Биыл 6 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталып кеткен көрінеді. Соның 2 687-сі ағымдағы жылда тапсырылады деген жоспар болған. Алайда жылдың қорытындысы бойынша осы мәселеге қатысты ешбір мәліметтің берілмегеніне қарағанда, жергілікті билік ол жоспарды орындай алмаған сыңайлы.

Жалпы, 15 жылда 40 мың арендалық баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Ол үйлердің орташа ауданы 50-60 шаршы метр болады. Аталған баспана алдымен мүгедектер мен жетімдер арасында таратылады. Пәтерді жалға алу құны да қымбат емес. Бір шаршы метрі үшін айына 100 теңгеден шығады. Сонда бір пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, айлық жалға алу құны 5 000 теңге шамасында болады. Дегенмен, ол ақша тек пәтерді жалға алу ақысы ғана екенін ұмытпау қажет. Оның сыртында коммуналдық төлемдер тағы бар.

 

Жер учаскелерін тарату жұмысы баяу жүргізілуде

Әрине, «Нұрлы жер» аясында жер учаскелерін тарату шаралары да қарастырылған. Ресми мәліметке сәйкес, алдағы 15 жылдың ішінде бағдарлама аясында кезекте тұрған азаматтарға 630 мың жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Бірақ ол учаскелерге алдымен инженерлік желілер тартылуы қажет. Президенттің тапсырмасы бойынша инфрақұрылымды тарту шараларына жыл сайын 80 млрд. теңге бөлініп жатыр. Биыл ол қаражаттың көлемі 86 млрд-қа дейін жетті.

Құрылыс және тұрғын-үй шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, өткен жылы 100 млрд.-тан астам қаржы бөлінген. Осы ақшаға 110 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тартылуы қажет. «Енді, сол 110 мың учаскенің шамамен 53 мыңы - бұрын берілген жерлер (ол жерлер инженерлік желілерсіз берілді - авт.). Ал 47 мың жер учаскесі жаңадан жасақталуы шарт. Биылғы 86 млрд теңгені тағы қосыңыз, сөйтіп ағымдағы жылы ол жұмыс (жаңа учаскелерді жасақтауды - авт.) аяқталуы шарт. Осылайша, біздің жоспарымызға сәйкес, республика бойынша жыл сайын 42 мың жер учаскесі таратылады», - дейді М.Жайымбетов. Алайда әкімдіктердің үнсіз отырғанына қарағанда, жер учаскелеріне су, жарық және тағы басқа инженерлік желілерді тарту жұмысы баяу атқарылып келеді.

Сөз соңында «Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір жаңалығына тоқталған жөн. Биылдан бастап бағдарлама аясында коттедж қалашықтары салына бастады. «Ол жағынан Қостанай облысы жақсы жетістіктерге жетті. Қазір Заречный кентінде коттедждерді таратып жатырмыз. Бір шаршы метрдің бағасы - 120 мың теңге. Келесі жылы Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тура сондай үйлер салынады», - дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар