Нұрлы жер: Оралда көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Конституция күніне орай Оралда 117 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтер иелерін құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев атап өткендей, «Нұрлы жер» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында жұмысты жалғастыру қажеттігіне ерекше мән беріп келеді. Осыған орай көптеген батысқазақстандық сапалы да қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізуде.

Жаңадан берілген үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары мен баспана кезегінде тұрғандарға арналған.


«Банк салымшыларына 25 жылға дейін жеңілдікпен несие беріледі. Бұл үйлерді салу үшін жер телімдері мемлекет тарапынан тегін ұсынылды. Әр шаршы метрдің өзіндік құны 140 мыңдай теңге болса, соның 50 мыңы бюджет есебінен өтеледі. Бұл бағдарлама тұрғындар үшін өте маңызды», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірде түрлі санаттар бойынша 19617 адам кезекте тұр.

Соңғы үш жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 24 үй (228,64 мың шаршы метр 3658 пәтер) іске қосылды.

«Бұдан төрт жыл бұрын банктен есепшот ашып, қаржы жинақтай бастадық. Осы кезге дейін пәтер жалдап келдік. Енді, міне, Ата заң мейрамы қарсаңында екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, қуанып жатырмыз», - деді пәтер кілтін алғандардың бірі Альберт Төлешқалиев.


Соңғы жаңалықтар