«Нұрлы жер»: Орал қаласында жаңа қазандық орнатылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал қаласында жаңа қазандық орнатылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Қуат Мусиннің брифингте мәлім еткеніндей, Зачаган кентіндегі «Водстрой» автокөлік кәсіпорны» ғимаратындағы қазандықты қайта құру жобасын жүзеге асыру үшін мердігер ұйым «Жайыққұрылыс» ЖШС-мен 546,303 млн теңгеге келісімшарт жасалған.

Күні бүгін демонтаж жұмыстары 90 пайызға орындалды.

Жуырда үш қазандық жеткізілгеннен кейін монтаждау жұмыстары басталады.

Қазандыққа 33 тұрғын үй (2147 абонент), 7 әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысан (соның ішінде 3 балабақша) және 43 басқа нысан қосылады.

Жұмысты 31 желтоқсанда аяқтау көзделуде.

Қ.Мусиннің айтуынша, «Жайықжылуқуат» АҚ барлығы 1513 нысанды жылумен қамтиды. Соның ішінде 1196-сы – тұрғын үй, 42-сі – балабақша, 49-ы – білім беру, 35-і – денсаулық сақтау нысаны, 188-і – басқа нысандар.

Қазіргі таңда 1196 үйдің 665-інде (56 пайызын) әзірлік жұмыстары жүргізіліп, 241-і (20 пайызы) дайындық құжатын алды. Сондай-ақ 509 мекеменің 230-ы (45 пайызы) әзірленіп,183-іне (36 пайызына) дайындық құжаты берілді. Соның ішінде балабақшалар 100, мектептер 88 пайызға дайын.

Бас директордың сөзіне қарағанда, алдағы жылыту маусымына әзірлік барысында 405,9 млн теңгені игеру көзделген болатын. Соның ішінде жылу-қуат орталығы бойынша – 230,943 млн теңге, жылу желілері бойынша – 174,957 млн теңге (5,212 км).

Күні бүгінге дейін бұл жұмыстар 330,7 млн теңгеге немесе 81 пайызға орындалып отыр.

«Бір айта кететін жайт, мекеменің жылу қуаты үшін дебиторлық алашағы 440,74 млн теңге болса, соның ішінде бюджеттік мекемелер бойынша – 0,85 млн теңге, өнеркәсіп және басқа кәсіпорындар – 27,76 млн теңге, тұрғындардың берешегі – 412,13 млн теңге. Төлемдердің уақтылы түсуін тұрақты бақылаумен қатар қарызды сот арқылы өндіру жұмыстары да жүргізілуде», деді Қуат Мусин.


Соңғы жаңалықтар