«Нұрлы жер»: Маңғыстау облысында көпбалалы аналарға 153 пәтер беріледі

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың аяғына дейін көпбалалы аналарға 153 пәтер (жалпы ауданы 8 400 шаршы метрден кем емес) беріледі. Бұл үшін 1,3 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пәтерлерді тапсыру ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 16 желтоқсанға жоспарланған.

Қазіргі кезде бұл бағдарламаны облыстың көпбалалы аналары қолдануда. Олардың бірі – осы бағдарламаның арқасында пәтер алған Қарақия ауданы Жетібай ауылының тұрғыны Зағипа Елтежиева.

Бес баласы бар Жетібай ауылының тұрғыны 2007 жылдан бастап пәтер жалдап тұрған. Көпбалалы ана ретінде кезекке 2019 жылы тұрған. Қазіргі кезде мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Кейіпкердің айтуынша, айлығы аз, ал отағасы тұрақты жұмысқа жақында ғана орналасқан.

«Менің жалақым төмен. Үй сатып алатын мүмкіндігім болмады. Балалармен бірге пәтер жалдап тұрдық. Жаңа үйімізді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алдық. Үйлі болғанымызға бақыттымын. Мен сияқты көпбалалы аналарға әрі қарай да көмек көрсетіледі деп үміттенемін», - деді Зағипа Елтежиева.

Осы жылда Ақтауда – 54, Маңғыстау ауданында – 24, Қарақияда – 30, Түпқарағанда – 15, Мұңайлы ауданында 30 пәтер беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар келесі жылы 472 көпбалалы анаға үй беру жоспарда бар.

2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысында өңірде үйлі болғандар саны артты. Биыл олар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жаңа пәтердің кілтін алмақ.

Авторы: Аида Абулханова


Соңғы жаңалықтар