Нұрлы жер: Қостанайда 99 отбасы баспаналы болды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай қаласында 99 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отбасылардың барлығы коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Оларға пәтерлер сатып алу құқығымен жалға беріледі. Жалдау құны 1 шаршы метр үшін айына 784,11 теңгені құрайды. 99 пәтерлік тоғыз қабатты үй «Әуежай» шағын ауданында орналасқан. Олар әрленген және қоныстануға дайын күйінде тапсырылды. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлердің ауданы 36,4 - 69,3 шаршы метрге дейін.

Баспаналы болғандар арасында - көпбалалы отбасылар, мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын басқа да азаматтар бар.

«Сатып алу мүмкіндігімен жалға беру - бұл азаматтардың ең осал топтары үшін тұрғын үй мәселесінің шешімі. Қалыптасқан жүйенің ашықтығы тұрғын үйдің шын мәнінде мұқтаж адамдарға берілуіне кепілдік береді. Ал бастапқы жарна мен артық төлемнің болмауы отбасыларға қаржылық жүктемені төмендетеді», - деді кілттерді тапсыру шарасына қатысқан «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ басқарушы директоры Арман Мұхатов.

Мәлім болғандай, жыл соңына дейін «сатып алу құқықығымен жалға беру» бағыты бойынша Қостанайда жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында тағы 99 пәтер үлестірілетін болады.

«Бағдарламаны іске асырудың тұтас кезеңінде, 2015 және 2019 жылдар аралығында, Қазақстан Ипотекалық Компаниясы аталмыш бағыт бойынша еліміздің 21 қаласы мен 3 облысында жалпы ауданы 1 073 340,60 шаршы метр болатын, 112 нысанды (18 840 пәтер) пайдалануға берді», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар