«Нұрлы жер»: БҚО-да алдағы екі жылда салымшылар үшін 13 үй салынбақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдағы екі жылда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері үшін 13 үй салынбақ. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалының басшысы міндетін атқарушы Айгүл Наурызәлиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 13 салынып біткен кезде 1903 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылдарға қарағанда, екі есе көп.

«Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер бекітілді. Енді, жаңа ережеге сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшыларына жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген заем алу үшін шоттарына үй бағасының 20 пайызына тең бастапқы жарна жинау жеткілікті», деді А.Наурызәлиева.

Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін несиенің бастапқы жарнасы үй құнының 30 пайызын құрайтын еді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бағытталған.

Азаматтардың бұл санатына бастапқы жарна жинау оңай емес. Бұл жақсы жаңалық болып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, бекітілді, нәтижесінде үйге деп ақша жинау жеңілдей түсті. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін шотқа 1,1 млн теңге көлеміндегі сома жинау жеткілікті.

Күні бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген Зачаган кентіндегі жаңадан дамып келе жатқан «Көктем» ықшамауданынан тұрғын үй ұсынылады. Мұндағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 131 мың -140 мың теңге аралығында.

Қазір 210 пәтерге өтініш қабылданып жатыр.

Бір бөлмелі пәтердің бағасы 5 639 200 теңгені құрайды, сәйкесінше бастапқы жарна кемінде 1 127 840 теңге болуы керек. Несие бойынша ай сайынғы төлем алғашқы 8 жыл ішінде 41 120 теңгеге тең, кейін ол 26 168 теңгеге дейін төмендейді, оны клиенттер тағы 11 жыл бойы өтеп отырады.

Банк клиенттері үшін тағы бір өзекті жаңалық - «Өз үйім» бағдарламасына қатысушылар үшін жылдық мөлшерлеменің 7 пайызға дейін төмендеуі. Бұдан бөлек банк салымшыларын қолжетімді шаршы метрлермен қамтамасыз ету үшін «Өз үйім» бағдарламасы аясында ең төменгі бастапқы жарна 20 пайызға дейін төмендетілді.

«Өз үйімнің» артықшылығы - бағдарлама аясында сатылатын үйлер бағасының нарықтан төмен болуы. Сондай-ақ қатысушылардың меншігінде жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығына банк қарамайды.

«Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламаларының аясындағы барлық жаңа нысандар туралы ақпарат baspana.kz порталында жарияланады. Мұнда үйден үміткер өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын біліп, ұнатқан пәтерді таңдап, үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады», деп түсіндірді Айгүл Әбуғалиқызы.

Соңғы жаңалықтар