Нұрлы жер: Балқашта тағы 92 отбасы баспаналы болды

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Жаңа жыл қарсаңында Балқашта 92 отбасы баспаналы болды. Көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандарға, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға, жетім балаларға және басқа да азаматтарға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа үйге қоныстанушылар арасында 39 жастағы Бақыт Машенова - тоғыз баланың анасы. Ең үлкен баласы – 19 жаста, ал ең кішісі - 7 айлық нәресте.

Күйеуінің табысы жалдамалы пәтерді төлеуге жеткіліксіз болды. Ал бүгін - оның өміріндегі ең бақытты күндердің бірі. Отбасы төрт бөлмелі үй алды.

Бұл үйден тағы бір пәтер Әбдірбаевтар жанұясына берілді. Олардың алты баласы бар.

Үйлер көпбалалы отбасылар үшін жеке инвестордың ақшасына арнайы салынған. Содан кейін әкімдік оларды сатып алды.

«Осындай үй бергені үшін рахмет! Енді балалардың өз бөлмесі болады. Баршаңызға осындай бақыт тілеймін. Біз бұл туралы көптен бері армандадық», - дейді жаңа үйдің иесі Анар Әбдірбаева.

Тағы бір баспана Балқаш қаласының 10-шы шағынауданында орналасқан. 45 пәтерлі үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды.

Жалға берілетін тұрғын үйлер мұқтаж балқаштықтарға таратылды. Оның 9-ы - жетім, 18-і - мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

Толық емес отбасылар мен ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар тағы 18 пәтер алды.

Қала әкімі Ораз Тәуірбеков үй иелеріне пәтер кілтін табыстады.

«Мен бүгін осы бақытты сәтті сіздермен бөліскеніме шын жүректен қуаныштымын. Үйлеріңіз әрқашан жылы және жарық болсын!» - деді Ораз Тәуірбеков.

Бес қабатты ғимаратқа қарама-қарсы жаңа тұрғындар қоныстанды. Олар өткен аптада №19 үйдегі пәтер кілтін алды.

45 пәтерлі үй «Нұрлы жер» бағдарламасының кредиттік бағыты бойынша салынды. Тұрғын үй депозиті бар кезекте тұрғандарға 35 пәтер берілді.

Олардың шотында пәтер құнының 20%-ы болып, конкурстан өтті. Жаңа қоныстанушылар арасында жалғызбасты аналар, жетімдер, дәрігерлер мен оқытушылар бар.

2020 жылы барлығы 160 мұқтаж балқаштық көптен күткен баспаналы болды. Оның көпшілігін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үймен қамтамасыз етті.

«Қазақмыс» корпорациясы өзінің көпбалалы қызметкерлері үшін 46 пәтер мен үй сатып алды. Тағы екі пәтерді Балқаштың жанашыр кәсіпкерлері ауған жауынгері мен көпбалалы жесір әйеліне сатып әперді.


Соңғы жаңалықтар