«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 621 мың адам баспана кезегінде тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 621 мың адам баспана кезегінде тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда жаңажеңілдетілген ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін бе?», - деп сұрады журналист орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. «Қазір Қазақстанда екі жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Біріншісі – 7-20-25. Оған екінші деңгейдегі барлық коммерциялық банктер қатысады. Тек «Отбасы банк» қатыспайды. Оның басты айырмашылығы – өтініш берген күні адамның атында баспана болмауы керек. Мысалы, бір бөлмелі пәтерде тұратын жас отбасы оны сата алады. Меншігіндегі үй атынан алынғаннан кейін жаңа өтінім беріп, «7-20-25» арқылы екі бөлмелі сатып алуына болады. Бағдарлама үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Оған «Банк Центркредит», «Халық банк», «Сбербанк», «Freedom finance» сияқты көптеген коммерциялық банктер қатысуда», - деді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ ол аталған бағдарлама бойынша тек жеке құрылыс салушыдан құқық белгілейтін құжаттары бар дайын тұрғын үйді сатып алынатынын ескертті. «Бұл негізі елдің орта табын тұрғын үймен қамтамасыз ететін бағдарлама.

Екінші бағдарлама – «Нұрлы жер». Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым тұжырымдамасының аясындағы екі үлкен жоба бар – «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ».

«7-20-25»-тен басты айырмашылығы – оған кейінгі бес жыл ішінде баспанасы жоқ, кезекке тұрған адамдар ғана қатысады. Сонымен қатар, олардың табысы орташа деңгейден төмен болуы керек. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспауы тиіс. Бұл бағдарламаға қатысудың процесі сәл күрделірек. Бірінші кезекке тұруыңыз керек, eGov порталында өтінім беруіңіз керек. Қазірдің өзінде бізде 621 мың адам осындай кезекте тұр», - деді «Отбасы банк» басшысы.


Соңғы жаңалықтар