«Нұрлы жер» бағдарламасы: батысқазақстандық 3 мың отбасы баспаналы болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына 28 млрд теңге бөлініп, қыруар жұмыс атқарылды. Бұл туралы бүгін қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берген облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, аталған екі бағдарлама бойынша 2215 жұмыс орны ашылып, жергілікті кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Нақты нәтиже ретінде соңғы екі жылда 3 мың отбасының баспанаға қол жеткізгенін айтуға болады.

Облыста өткен жылы 500 шақырым жолды жөндеу қолға алынған болатын. Соның бүгінде 33 млрд теңгеге 420 шақырымы аяқталды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолын күрделі жөндеу толықтай мәреге жетеді.

null 

Облыстық маңызы бар жолдардың 128,5 шақырымы жөнделді. Орал қаласында жұмысы басталған 67 көшенің 61-інде жол ретке келтірілді. Қалған көшелерде жұмыс биыл одан әрі жалғасады. Орал қаласында екі жылға жоспарланған Депо көпірі құрылысы мерзімінен бұрын бітпекші. Содан кейін Омега көпірі қайта салынады.

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мысалы, өткен жылы барлығы 390 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл алдыңғы жылғыдан 42 пайызға артық. Жоспарланған 10 көп қабатты үйге (1426 пәтер) қоса жеті ауданда 113 үй (139 пәтер) бой көтерді. Аудандардағы қалған 70 үй биыл беріледі. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 15 нысанда (115 км) құрылыс жұмысы жүргізілсе, соның 9-ында (52 км) аяқталды. Қалғаны биылға ауысып отыр.

null 

«Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық кеңес мүшелерінің, мәслихат депутаттарының қосып отырған үлесі мол. Осы уақытқа дейін қоғамдық кеңестің 22 отырысы өтіп, сонда көтерілген 125 мәселенің барлығы да толық өз шешімін тапты. Алдағы уақытта да жұмыстардың барлығын бірлесіп атқаратын боламыз», - деді Алтай Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар