«Нұрлы жер»: Алтай Көлгінов құрылыс алаңдарында болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын тексерді. Бұл туралы қала басшысы Instagram-дағы жеке аккаунтында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысымен таныстым. Құрылысшыларға абаттандыру жұмыстарын уақытылы жүргізу тапсырылды. Жеткілікті дәрежеде көлік тұрағы ескеріліп, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары болуы шарт. Қауіпсіздік үшін әрбір кіреберіс есікке бейнебақылау жүйесі алдын ала ойластырылуы тиіс», - деп жазды ол.

Айта кетейік, елорда әкімдігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген міндеттерін орындауға арналған кеңес өткен болатын. Онда А.Көлгінов бүгінде қалада 46 829 адам баспана кезегінде тұрғанын мәлім етті.

«Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, ең негізгі әлеуметтік мәселе – тұрғын үй. Баспана кезегінде 46 829 адам тұр. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3 501», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылған. Бұл жұмыстар әлі да жалғаспақ.

«Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і арендалық негізде беріледі. Оның 233-іне көпбалалы отбасылар иелік ететін болады. Биыл барлығы 1500 тұрғын үй сертификатын беру жоспарлануда. Оның 1 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі, 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және полиция департаментің қызметкерлеріне үлестіріледі», - деді Алтай Көлгінов.

Баспанамен қамту шаралары «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да жалғасатын табатынын айтқан елорда әкімі, мемлекеттің бұл түрғыдағы мүмкіндігі шексіз емес екенін еске салды.

«Мемлекет бір мезетте барлығына бірдей баспана бере алмайды. Бірақ, біздің қолымызда басқа да тұрмыстық мәселелерді шешетін мүмкіндіктер бар», - деген еді ол.

Соңғы жаңалықтар