«Нұрлы жер»: Ақтөбеде 1400-ден астам пәтер беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Нұр–Ақтөбе ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 27 көпқабатты үй салынып жатыр. Биыл барлығы 1420 пәтер баспана кезегінде тұрған азаматтарға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 20-дан астам мердігер компания мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтерлердің сапасымен таныстырып, алда берілетін үйлерді көрсетті. Мәселен, «Ақтөбе сәулет» компаниясы салған үйдің жобасы мен құрылыс материалдарының сапасы сатып алушыларды толық қанағаттандырады. Ал «Солерс» компаниясының пәтерлеріне сын көп. Қалалық құрылыс бөлімі мұны жобалау жұмыстарымен байланыстырып отыр. Жалпы Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасымен биыл 27 көпқабатты үй қолданысқа беріледі.

«Ақтөбе қаласында 1420 пәтер беріледі деген жоспар бар. Биыл талап жеңілдеп, азаматтардың баспаналы болу мүмкіндігі артты. Кез келген қазақстандық банк сайтына кіріп, бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады. Сонымен қатар банк бөлімшесіне барып, кеңесшілердің көмегімен арнайы компьютер арқылы өтініш қалдырады. Таяуда «Нұрлы жер» бағдарламасына қойылатын талап өзгерді. Пәтері бар адам бүгін оны сатып, ертең осы бағдарлама арқылы өтініш бере алады. Әрі қалада тұрақты тіркеуде тұру қажет емес», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірова.

Айта кетейік, бір бөлмелі пәтер құны 4,4 теңгеден басталады. Ал екі бөлмелі пәтер 7,5 миллион теңге. Ақтөбе қаласы бойынша 2-3 бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары. Пәтер алушылар бір бөлмені құп көрмейді. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 500-ден астам өтініш мақұлданған.

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен 540 өтініш қабылданды. Олар «Нұрлы жер» бағдарламасымен санылған жаңа үйлерді, тіпті екінші деңгейлі пәтерлерді сатып ала алады. Көбі ескі үйлерді таңдады. Ал Нұр – Ақтөбе ықшам ауданынан 100-ден астам пәтер берілді», - деді деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірова. Көпбалалы отбасының бірі – Әсел Бабаева. Ол әкімдіктен қайтарымсыз сертификат иеленді. Алдағы 19 жылда несие төлейді.

«Үш бөлмелі пәтер алдым. Аумағы – 85,1 шаршы метр. Өзімнің төрт балам бар. Күйеуім жұмыс істейді, өзім бала күтімімен үйде отырмын. Біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, 1,5 миллион теңге жинадық. Содан соң әкімдік бізге қайтарымсыз 1 миллион теңге сертификат берді. Сөйтіп баспаналы болдық. Бұған дейін пәтер жалдап жүріп, қиналған едік», - деді көпбалалы ана Әсел Бабаева.




Соңғы жаңалықтар