Нұрлы жер: Ақмола облысында 60 отбасы баспаналы болды
Өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға зор көңіл бөлініп отыр.
Жарқайың ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Уәлихан селолық окургіндегі мәдениет үйіне, Н.Крупская атындағы мектепке, А.Үкібаев атындағы мектеп интернатына жөндеу жұмыстары жүргізілді, жергілікті бюджет есебінен көпбейінді корт салынды.
Сонымен бірге Державинск қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тазарту нысанымен бірге кәріз желісі қалпына келтірілді.
Ауданға барған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев баспана кезегінде әлеуметтік жағынан осал, көпбалалы отбасыларға, жетімдерге және бюджеттік сала қызметкерлеріне пәтер кілтін тапсырды.
Жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтаған аймақ басшысы еліміздің басты саясаттарының бірі – әр қазақстандықты баспанамен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Біздің облыс тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Соңғы үш жылдың ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 13 мыңнан астам ақмолалық баспана мәселесін шешті», - деді Е.Маржықпаев.
Айталық, келер жылы Жарқайың ауданында 80 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жоспарланған.
Ал, Есіл ауданында аймақ басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілген әлеуметтік нысандар мен құрылыс жұмыстары салынып жатқан өндіріс орындарында болды.