Нұрлы жер: Ақмола облысында 464,7 мың шаршы метр баспана беріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 464,7 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы аппарат мәжілісінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолға алынғаннан бері облыста барлығы 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, 8 шақырым инженерлік желі жөнделген. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі есебінен жалдамалы және несие арқылы берілетін баспаналарды салу жоспарда бар. Биылғы жылдың алғашқы бес айында барлығы 212 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.

«Биылғы жылы жалпы аумағы 29 мың шаршы метр жалдамалы 14 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аумағы 464,7 мың шаршы метр баспана межеленіп отыр», - деді Марат Әубәкіров.

«Жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты шеңберінде 14 елдімекенде инженерлік инфрақұрылымы бар жер телімдері әзірленеді. Құрылыс жобасын жүзеге асыру барысында 2,5 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл кезектің ілгері жылжуына біраз септігін тигізеді. Жекеменшік құрылысшыларға жекелей үйлерді салуға басымдық берілуде.  Ақмола облысы әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан биылғы жылы құны 1,7 миллиард теңгеге 5 жобаны субсидиялау қолдау тапты.

Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және жалдамалы тұрғын үй салу бойынша жалпы құны 11,4 миллиард теңге болатын 3 жылдық жоспар (2019-2021 жылдарға арналған) бекітілді.

Облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарға қарастырылған қаржының уақытылы бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар