Нұрлы жер: Ақмола облысында 105 отбасы баспаналы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Конституциясының 25 жылдығы қарсаңында Ақмола облысының Бұланды ауданында 105 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Макинск қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 45 және 60 пәтерлі екі тұрғын үйден 105 отбасына жаңа пәтердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. Шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бұл жолы екі тұрғын үйдегі пәтерлердің 42-і көпбалалы отбасыларға, 13-і жетім балаларға, 50-і әлеуметтік жағынан осал топтағыларға арналған.

Мердігерлердің сөзіне қарағанда, тұрғын үй барлық талаптарға сай салынған. Үйдің маңында автотұрақ және балалар алаңы қарастырылған. Жоба бойынша 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы үшін 225,6 миллион теңге қаржы бөлінсе, 45 пәтерлі үйді салу үшін 310,8 миллион теңге жұмсалған.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы баспананың тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы болуын ұдайы назарда ұстайтынын және мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген ақмолалықтар жыл сайын баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырғанын атап өтті.

«Баршаңызды ҚР Конституциясының 25 жылдығымен құттықтаймын. Ата Заңымыз Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Халықтың әл-ауқатын көтерудің басты бағыты қазақстандықтарды баспанамен қамту. Осы ретте, еліміз егемендігін алғаннан бері біздің облыста 3 миллионнан астам шаршы метрден астам баспана берілді. Соңғы бес жыл ішінде әр жыл сайын 400 мың шаршы метр баспана беріп келеміз. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. 12 мыңнан астам ақмолалық баспаналы болды, - деді аймақ басшысы.

Жаңа пәтердің кілтіне ие болғанның бірі – Рақымжан Өтемісов қуанышымен бөлісті.

«Бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлі де өзіме өзім сене алар емеспін», – дейді ол.


Соңғы жаңалықтар