«Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобасы бойынша келер жылы шамамен 4,5 мың отбасы тарихи отанына қоныс аударады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - «Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобасы бойынша келер жылы шамамен 4,5 мың отбасы тарихи отанына қоныс аударады деп күтілуде.  

 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржыландыруы жыл сайын 33 млрд. теңгені құрайтын «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша ілкі жобаларды іске асыруға келер жылғы бюджеттен қаражат көзделіп отыр. Нәтижесінде оралмандардың 60 мың отбасы, оның ішінде «Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобасы бойынша шамамен 4,5 мың оралман отбасының тарихи отанына қоныс аударуы күтіледі», деді Б. Сұлтанов.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұрлы көш" бағдарламасының ілкі жобасы қазіргі таңда  Ақмола, Шығыс Қа­зақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қанатқақты режімде орын­да­луда. Аталған бағдарлама көшіп келгендерге жеңілдікпен несие беру тетігі ар­қылы тұрғын үй алуына мүмкіндік ту­ғызады.

Сонымен бірге, алдағы үшжылдық бюджет жобасында өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру одан әрі жалғасатын болады. Бұған бюджет жобасында 2010 жылға арналып 100 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылы осы саладағы іске асырылған жобалардың саны 5 мың 126 бірлікті құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар