«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы не береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мамыр айынан бері елордадан Екібастұзға 137 отбасы қоныс аударған. Көшті қабылдап алушы тарап БАҚ өкілдеріне ол жақта бағдарламаға қатысшуылар қандай жеңілдіктерге ие болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Екібастұзға аталмыш бағдарлама бойынша 35 отбасы қоныс аударған болатын. Бұл көшті Павлодар облысының әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов бастап бармақшы.

«Бүгін 35 жанұяны көшіріп әкетеміз. Оның 24-і көпбалалы. Жалпы жиыны 208 адамды бірнеше автобуспен апарамыз. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша 1 мамырдан бүгінге дейін Нұр-Сұлтаннан Екібастұз қаласына 102 отбасы көшіп барды. 600 адам қазір қоныстарына жайғасып, ересектерінің жартысынан астамы жұмыс тауып үлгерді. Бағдарламаға ілігу үшін ол жақта тапшы мамандық бойынша жұмыс істеуге келісу керек болады. Басты шарт осы. Ал бала саны 4-ке жетпейтін отбасыларға екі бөлмелі пәтер береміз. Көпбалалы отбасыларға 3 бөлмелі ұсынып отырмыз», - дейді әкімдік өкілі.


«Нұрлы Ертіске» қатысушылар «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» салған кірпіш үйлерге жайғастырылып жатыр.

«Басында бұл үйлер басқа бағдарлама бойынша салынған болатын. Бірақ оны банктің шарты бойынша алуға ниеттілер табылмады. Сондықтан «Нұрлы Ертіс» бағдарламасына бағыттағанбыз», - дейді Қайрат Нұрмағамбетов.

Басқарма басшысы аталмыш отбасыларға Екібастұзда қандай жағдай жасалатынын да айтты.

«Қоныс аударушылар үшін көтерме өтем ретінде адам басына 88500 теңге төленеді. Бір жыл бойы коммуналдық төлемдер мен аренда ақысын мемлекет төлеп береді. Бір жыл өткеннен кейін ғана өздері төлей бастайды. Аренда құны пәтердің ауданына байланысты. Егер пәтер 99 шаршы метр болса, айына 14 мың теңге шығады деген сөз. Екі бөлмелі үйге 10 мың теңдей болады. Оған 15 мың теңге коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Аренда үшін төлеген сома үйді сатып алу сомасына түсе береді. Яғни бес жылдан кейін ол үйді жекеменшікке рәсімдеу мүмкіндігі бар деген сөз», - дейді Қайрат Нұрмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар