«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы: 18 жыл елордада пәтер жалдаған отбасы Екібастұзға көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық 35 отбасы Екібастұзға қоныс аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасының кезекті көші Екібастұзға жол тартты. Жұмыссыздық пен баспана машақатынан жалығып, жаңа тірлік бастауға ұмтылған жанұяларды әңгімеге тартып көрдік.

Өзін Динара Аяғанова деп таныстырған үш баланың анасы 18 жыл бойы пәтер жалдап келгенін айтады.

«Отбасымда өзіммен қосқанда бес адам бар. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасына ілінгенімізге қуаныштымыз. Бұл бағдарламаның көпбалалы отбасылармен бірге 3 баласы бар бізге де мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз. Нұр-Сұлтанда 18 жыл пәтер жалдап келдік. Негізі кезінде Ерейментау жақтан астанаға жұмыс іздеп көшкен болатынбыз. Еңбекақымыз күнделікті шығындардан аспағандықтан, үйге ақша жинай алмадық», - дейді ол.

Динара бұл бағдарлама туралы бірге жұмыс істеген әріптесінен естіген екен.

«Жұмыста бірге істеген Жайна деген әріптесім болды. Бір ай бұрын төрт баласымен осы бағдарлама арқылы Екібастұзға көшкен. Көпбалалы емес болса да, пәтер алуға болатынын сол айтты. Құжат өткізіп едік, мақұлдады. Жолдасым соңғы сәтке дейін сенбеді. Мен оған үй беретін болса, ештеңеге қарамай кететінімді айттым. Өйткені, 18 жыл бойы пәтер жалдап өмір сүру оңай емес. Күйеуім құрылысшы, өзімнің мамандығым заңгер болса да, ауруханада жұмыс істеймін. Ол жақта бұл екі мамандыққа да сұраныс бар екен. Жаңа үйге барамыз, жаңа өмір басталады деген көтеріңкі көңіл-күймен кетіп барамыз», - дейді үш баланың анасы.


Ерлі зайыптының ұзақ ойланып шығарған шешіміне кейбір жақындары қарсы болған көрінеді.

«Кіретін үйімізді тек интернеттен көрдік. Күзге дейін балаларды мектепке орналастырады деп сендіріп отыр. Ол жақтан ел көшіп жатса, сендер неге барып жатырсыңдар деушілер де болды. Жаңа үй берсе, жұмыс ұсынса, неге бармасқа деп ойлаймын. Сондықтан да осындай шешімге келдік», - деді Динара Аяғанова.

Ал 6 баланың әкесі Айдарбек Мәменов бұл шешімге балалардың қатты қуанғанын айтады.

«Өзімізбен бірге 10 сөмке жүк алып барамыз. Бәрі балалардың киім-кешегі. Ертеңге деген сеніммен көшіп барамыз деуге болады. Түрмеге бара жатқан жоқпыз ғой. Өзіміздің үйімізге бара жатырмыз. Бес жылдан кейін ол үйді жеке басымызға аударып алуға болатыны айтылды. Барған соң көппен бірге көреміз. Елдің астанасын Екібастұзға айырбастадық деген өкініш жоқ. Баспана мен жұмыс болса, ол да қазақ жері ғой. Бәрінен де балалар өз үйіміз болады деп қуанып жүр», - дейді Айдарбек.


Оның отбасы Түркістан облысынан елордаға 7 жыл бұрын қоныс аударған екен.

«Екібастұзда үй мен жұмыс береміз деп отыр. Өзім кран жүргізушімін. Әзірге айлығымыз қанша болатынын, қандай кәсіпорынға кіретінімізді әлі айтқан жоқ. Әйелім бала күтімі бойынша үйде отыр. Ең кіші баламыз бірге жаңа толды. Үлкенінің жасы онда. Тегін балабақша ұсынылып отыр. Мектеп жасындағыларға тегін форма береміз деген уәделері бар. Бағдарлама өте дұрыс ойластырылған. Жеңілдіктері көп болғандықтан, үйренген ортамызды тастап, көшіп барамыз. Әйтпесе осы қалада кезегімізді күтіп отыра берер едік», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар