Нұрлан Жұманиязов: Көрермен әлемдік драматургия емес, қазақтың өз өмірін сахнадан көргісі келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Кеңістік - барлық нəрсенің, ал уақыт - бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», - деп атап өтілген. Шындығында, Назарбаевтың бұл сөзі- жай ғана əдемі афоризм емес. Осы мәселені саралай түсу үшін 2000 жылдан бері Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің шақыруымен Нұр-Сұлтан қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына келген қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовпен сұхбатымыз жаңа бағыттағы жаңаша істерді қолға алу тақырыбында өрбіді.

- Нұрлан Ғылманұлы бүгінгі күні театрға не керек? Қандай көкейкесті мәселе күн тәртібінде тұр?

- Елбасының соңғы Жолдауын оқыған әрбір Қазақстан азаматы мол мұраны, өшпес тарихты бойына тағы бір мәрте қалыптастырды деп сенемін! Біз режиссерлер үшін де ел руханияты бағытында атқарар істер аз емес. Көрермен сұрауы мен талабы да осы төңіректе. Қазір біздің театр көрермені нақты замандағы нақты жағдайды бейнелейтін қойылымдарды күтеді. Бұл бүгінгі замана сыры. Міне осы тұста біз кібіріктеп тұрмыз. Өйткені бүгінгі біздің дәуірімізді көрерменге көрсете алар пьесалар жазылмауда. Үлкен тағдыршешті пьеса жазу әрине үлкен талантты қажет ететін ерекше еңбек.

- Бізде 800-дей жазушы бар. Соның 7-8-і драматург. Бұл саланың спецификалық қиындығы бар. Сахна мен драматургияның жазылмаған заңдылықтары бар. «Абай жолы» мен «Қан мен тер» эпопеясын екі сағатқа сыйдырып беру талант қана емес қажырлы еңбек қой.

- Ертеректе драмтургтерге арнайы тапсырыс беріп, демалыс орындарын бөліп, алдын - ала қаламақысын төлеп қоятын. Содан кейін ғана олар ауқымды тақырыпты көтеретін мықты пьеса жазатын. Тақырыпты түсінетін композитор де бұл топқа қосылатын. Пьесаға музыканың да дөп түсуі ерекше маңызды мәселе. Телевизияда театр көрсетілімі тіптен азайып кетті. Ал, спектальді көруге де арнайы дайындық керек. Кітап оқымаған адам спектакльден өз сұранысына талғам таба алмасы анық.

- Пьеса туралы айттық. Спектакль деген не? дегенге де тоқтала кетсек. Сіз қалай түсіндіресіз?

- Спектакль - біздің театрдағы сахналық көрініс. Пьесаның оқиға желісі, синтез. Осы театрдағы мысалы мен режиссер-қоюшының басшылығы арқылы театр ұжымы күшімен актерлер, суретші, композитор, жарық қоюшы, дыбыс беруші тіптен әкімшіге дейін бірлесіп жүзеге асырылатын қойылым. Спектакльді әзірлеп, қою процесі ең әуелі қалың көрермендер қауымының рухани талабы мен эстетикалық талғамына және театр ұжымының шығармашылық мүмкіншілігі мен ұстанған мақсат-мұратына орай пьесаны таңдау жұмысынан басталады. Драматург идея авторы. Режиссер оны орындаушы. Сахнаға шығарады. Түпнұсқадан сәтті шешімдер шығарып спектакль жасайды. Үштаған шешімі - драматург, режиссер және актер. Үшеуі сол бір ойды көрерменге жеткізеді. Мұны өмірді сахналап іс пен сөз арқылы өмірді тірілту деп білемін.

Театр қоғам айнасы. Бір жарым сағаттық ой - толғам талғамы. Эмоция кеңістігі. Көрермен көз алдыңызда тұтас ғұмырды көріп, ой түйеді. Қуану, тебіреніс алу, ойлану.

Шындығында, театр насихат құралы емес. Мораль оқитын жер де емес. Көрермен спектакльмен келісуі де келіспеуі де мүмкін. Режиссер ретінде көріп жүргенімді айтсам бүгінгі көрермен әлемдік драматургияны емес, қазақтың өз өмірін таетр сахнасынан көргісі келеді. Қаймана қазақтың дүниесін тамашалағысы келеді. Өкінішке қарай, қазақ драматургиясы жоқ. Өз тұрмысымызды көрсетердей пьеса жазылмайды.

Мамырдың 26 күні Испан драматургы Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасын сахнаға шығарамын. Астана тұрғындары мен қонақтарын осы қойылымға шақырамын. Спектакльде бес актер ғана ойнайды. Олардың диалогы, көзқарасы арқылы айтылар ой әлемдік дүниені мазалап отырған жағдаяттарды қамтиды. Театр сахнасына қоюға таңдалып алған пьеса мазмұны біздің қоғамның да көкейтесті мәселелерін айқындайтын идеялық түпкі ой-мақсатқа негізделеді.

- Театр жағын жете білмедім. Әйтсе де ертекте киноны түсірілімге жіберу мәселесін шешетін комиссия құрамы мынадай болыпты. Камал Смайылов - кино комитетінің төрағасы, Олжас Сүлейменов пен Қалтай Мұхамеджанов - бас редактор, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази - сценарий алқасының сарапшылары, Телман Жанұзақов - редактор. Бүгінгі күнмен сараласақ бәрі тарихи тұлғалар. Солардың бәрі күнде жиын, күнде талқылау өткізіп барып, кино түсіруге бата берген ғой. Қазір демократия. Театр көп. Жаңа спектакльдер жеткілікті. Бірақ көрермендер аз. Себебі неде?

- Бұл әркімді ойлантатын дүние. Руханият туралы әңгіме өрбісе де ең бірінші ойлантатын осы болуы керек еді.

Өз басым жиырма жылдық театрға арнаған еңбегімде жиырмаға жуық спектакль қойыппын. Халықаралық және республикалық театр фестивальдерінде «Үздік режиссер», «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясына ие болдым. Алда бұдан басқа да жетістікке бастар жоспарлар жетерлік. Мақсат мәскеулік театрлар секілді көрермені көп ұжым болу ғой. Ресей астанасындағы өз Елшілігіміздің айналасында «Современник» театрымен қатар, Табаков пен Калягиннің театр студиялары бар. Олардың үшінші қабаттағы ең арзан билеттерінің құны біздің ақшамен жеті-сегіз мың теңге. Әрине, Мәскеуде он миллион тұрғын бар. Тәулігіне екі миллион келімді - кетімді қонағы бар деп арқаны кеңге салуға болар. Дегенмен, ойлану керек. Бәсекелестік заманы. Заманға сай жұмыс жүргізуіміз керек. Сол мәскеулік театрлар негізгі қаржыны ел бюджетінен ғана емес, үлкен ірі қаржы корпорацияларынан да алады. Яғни, өнерді қолдауға алпауыт кәсіпорындар мен ауқатты адамдар зор үлес қосуда. Ал бізде олай емес! Неге? Осы сұрақтарды ойлана берсеңіз жауабыңыз да шығып қалар.

- Кей сәттерде театр әдебиеттің бағын ашады. 1974 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік акедемиялық театр ұжымы әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейсовтың «Қан мен тер» пьесасын сахналағаны үшін Совет одағының Мемлекеттік сыйлығын алды. Сол жолғы лауреаттар тізімін атап өтейін. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейсов, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, суретші Александр Кривошеин, Еламан рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов, Ақбала рөліндегі Фарида Шәріпова, Қален рөлін сомдаған Ыдырыс Ноғайбаев. Бір спектакль қазақ театрының тарландарын жаңа бір қырға көтерді. Әйгілі тұлға етті. Біздің бүгінгі мақтанышымыз...

- Рас айтасыз. Бір ақынның мынандай жолдары есіме түсіп отыр:

Толассыз жалғасады уақытпен,

Адамдардың өмірдегі көш жолы.

Бағыт ортақ бізге болғанымен,

Болады әр адамның өз жолы!

Сол айтқанындай, ғасырлық оқиғаны көрсететін мұндай пьеса жазылса, оны сахнаға шығару әр режиссердің арман - мұраты дер едім. Менің ұстазым Әзірбайжан Мәмбетов Шыңғыс Айтматовтың «Ана - Жер - ана» пьесасын сахналап Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған. Бір ғана Айтматовтың шығармаларынан спектакль қойып, кино түсірген ондаған режиссерлер мен актерлер кейінен әлемге белгілі өнер тарландары ретінде танылды. Ұлттық тұлғаға айналды. Біз де сондайды армандаймыз. Ұлы шығармаға үлкен спектакль қойғымыз келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағдарламасы, оған жалғас жазылған «Ұлы даланың Жеті қыры» еңбегінде: «... біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор...» атап айтылған. Алдағы уақыт қазақ әдебиеті мен мәдениетіне де керемет туындылар әкелер деп үміттенемін. Соларды қалың көрерменге биік деңгейде ұсыну біздің режисерлік парызымыз.

- Рахмет. Армандар алдамасын. Үлкен биіктерден көрейік.

Сұхбаттасқан Махат Садық

Соңғы жаңалықтар