Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министріне: Өздеріңізге де жоғары талап қойыңыздар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау барысында алдағы уақытта интернеті жоқ ауылдарда кәсіпкерлердің есептілігін тек электронды нұсқада тапсыру қандай проблемаға алып келетіні айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде интернет нашар елді мекендерде кәсіпкерлік субъектілері есептер мен хабарландыруды электронды нұсқада бере алмаса қандай қадамдар жасалатыны сұралды.

«Депутаттар ақпараттық тетіктер талаптарын орындауды қағаз және электронды нұсқада сақтау мүмкіндігі туралы түзету енгізіді. Депутаттардың түзетуі бойынша сіздің көзқарасыңыз қандай?», - деп сұрады депутат Вера Ким.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев депутаттар ұсынысын қолдайтынын айтты.

«Есептерді тапсыру формасы қағаз әрі электронды нұсқада болуы керек деп санаймыз. Егер сапалы интернет қолжетімді болмаса, онда кәсіпкер есептілікті қағаз нұсқада да тапсыра алуы керек», - деді министр.

Осы тұрғыда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын пысықтау кезіндегі министрлік мен «Атамекен» палатасының бұл бағыттағы қадамдарын сынға алды.

«Соны Парламентке келіп түсіндіңіз бе? Бүгін есептіліктің екі формасына қатысты депутаттардың позициясын қолдап отырсыздар. Заң жобасы дайындалған кезде неге тек электронды нұсқаны қалдыру керектігін қолдадыңыздар?! Бұл неғылған позиция, кәсіпкерлер мүддесін қорғамай палата қайда қарап отыр? Кәсіпкерлер нашар интернетімен есептілікті қалай жүргізеді? Әрине, цифрлық есептілікке көшу талабы ешқандай күмән тудырмайды, бірақ бұл бағытта тиісті дайындық керек. Ең алдымен, барлық елді мекендер тұрақты интернетке қол жеткізіп алуы тиіс. Егер сапалы интернет болмаса, толықтай цифрлы есептілікке көшу проблема тудыратыны түсінікті ғой. Интернеті нашар ауылдар бар екені белгілі. Екіншіден, кейбір кәсіпкерлер электрондық нұсқада есептілікті тапсыруға дайын емес шығар. Мысалы, ауылдағы шағын дүкенді алсақ, ол дүкенде бір ғана адам жұмыс істейді. Оның иесі де, сатушысы да, бухгалтері де сол кісі. Егер оның электронды техникасы болмаса, цифрлы құжаттармен қалай жұмыс істейді. Ал енді министрлік ұсынысына қарасақ, осы есептілікті уақытылы тапсырмаса, аталған кәсіпкер жауапкершілікке тартылады», - деп тоқталды Мәжіліс төрағасы.

Осы орайда Н. Нығматулин ауылдарға сапала интернет жетпесе, есептіліктің қағаз нұсқасынан бас тартып, тек электронды нұсқаны енгізу дүрбелең тударатынын айтты.

«Министр мырза, осындай құжатты әзірлеп, Парламентке енгізген кезде нені ойлайсыздар?! Егер кәсіпкерлерге осындай талаптарды енгізсеңіздер, онда өздеріңізге де жоғары талап қойыңыздар. Алдағы уақытта барша есептілік цифрлық сипатта болатынын жақсы түсінеміз және осы форматты қолдаймыз. Дегенмен тиісті жағдай жасау керек. Тек осыдан кейін бұл форматқа көшкен жөн», - деді Мәжіліс төрағасы.

Талқылаудан кейін, заң жобасын екінші оқылымға дейін қарау кезінде тиісті қадамдарды пысықтау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар