Нұрлан Нығматулин: Парламент Мәжілісінің жұмыс режімі өзгереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа жұмыс форматына көшеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдайға және қаламызда карантин жариялануына байланысты Мәжілістің де жұмыс режімі өзгеретін болады. Ертеңнен бастап Мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа форматқа көшеді. Бұл әрбір азаматтың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалатын шаралар. Оған бәріміз түсіністікпен қараймыз әрі жоғары жауапкершілік танытуымыз қажет», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутаттарға Мәжіліс ғимаратына тек жалпы отырыс күндерінде, сондай-ақ заң жобалары бойынша комитет және жұмыс топтарының отырыстарына келуге кеңес берілді. Ал басқа күндері депутаттар телекоммуникацияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қашықтан жұмыс істейді.

«Жалпы отырыстар тек депутаттар мен заң жобасы бойынша негізгі баяндамашылардың қатысуымен өтеді», - деп нақтылады Н. Нығматулин.

Сонымен қатар ол Мәжілістің барлық шаралары онлайн режімде көрсетілетінін еске салды.

Белгілі болғандай, парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттары, жоспарланған негізгі шаралар кейінге шегеріліп отыр.

Мәжіліс ғимаратында кеңестерді, жұмыс кездесулерін, сондай-ақ азаматтарды қабылдауды өткізуге шектеу енгізіледі. Сондай-ақ депутаттар мен Аппарат қызметкерлері үшін іссапарларға әрі қызметтік сипаттаға өзге де сапарларға баруға тыйым салынды.

Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режіміне көшірілді. Ал аппараттың қалған қызметкерлері сағат 16:00-ге дейінгі қысқартылған жұмыс күніне ауысты.


Соңғы жаңалықтар