Нұрлан Нығматулин мен Румыния Парламенті Сенатының вице-спикері бірлескен жұмыс бағыттарын айқындады
2021 жылғы 21 желтоқсан 13:13

Нұрлан Нығматулин мен Румыния Парламенті Сенатының вице-спикері бірлескен жұмыс бағыттарын айқындады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Румыния Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Алина- Штефания Горгиу бастаған делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүздесу барысында Нұрлан Нығматулин Румыния Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған Еуропадағы алғашқы мемлекеттердің бірі екенін және маңызды саяси, экономикалық серіктес ел екенін атап өтті.

Палата Спикерінің айтуынша, Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуындағы шешуші рөлді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарды, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Румыниямен әріптестікті кеңейтуге үлкен мән береді.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Алина Горгиудың елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін айтты.

Өз кезегінде, Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қазақстан – Румыния үшін маңызды серіктес ел екенін және парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, экология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты басым бағыттарға назар аударды.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Румыния парламентшілерінің бірлескен жұмысын жандандыру заң шығару саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ парламентаралық ұйымдар аясындағы өзара тығыз қарым-қатынасқа ықпал ететініне сенім білдірді.


Jańalyqtar

MURAǴAT