Нұрлан Нығматулин Мәдениет және спорт министрлігін не үшін сынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, оның аясында әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдары мөлшерін төмендету ескерілген. Алайда спорттағы заңсыздықтар үшін жазаны жеңілдету ұсынысы депутаттардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы отырыста депутат Зәуреш Аманжолова барша әлемде таза спорт мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Осы орайда допингпен, алдын ала келісілген жарыстармен күрес, жарыстардың тыйым салынған тәсілдеріне тосқауыл қою ескерілген.

«Жақында Мәжілісте Үкімет енгізген дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң жобасын қарастырған болатынбыз, бұл құжат таза емес спорттық жеңістерге тосқауыл қояды. Бұл тұрғыда спортшылардың, бапкерлердің, сондай-ақ жарыстарды ұйымдастыратындардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты түзетулер енгізіліп отыр. Ал бүгін қарастырылып отырған заң жобасы спортшылар мен жарыс ұйымдастырушыларын параға жығу әрекеті үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендетуді ұсынуда. Сонымен қатар, осы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алуға тыйым салынбақ», - деді депутат.

З. Аманжолова бұл бағыттағы қадамдардың бірыңғай болуы керектігін атап өтті.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бір ай бұрын допингтен бастап, спорттағы өзге де мәселелерді ретке келтіру егжей-тегжейлі талқыланғанын еске салды.

«Сол уақытта сіздердің мәлімдемелеріңіз дұрыс болды. Бір ай бұрын құр сөзден, бос декларациядан іске көшу керектігін айтқан едім. Өкінішке қарай, енді бүгінгі жағдай министрлік (Мәдениет және спорт министрлігі-авт.) тек мәлімдемеден аса алмай тұрғанын байқап тұрмыз. Спорт мәселесін талқылаған кезде, спортта тыйым салынған тәсілдермен жеңіске жету қадамдарына тосқауыл қою, онымен күресу туралы үндеу жасаған едіңіздер. Ал бүгін осында қаралып заң жобасында әділ емес жарыстар үшін жауапкершілікті төмендетуді қарастыратын ұсыныс ескерілген. Бұл мәселеде жүйелілік, бірізділік қайда? Таза спорттың жетістіктер үшін күрес қайда? Осындай жұмыс үшін ұялу керек қой», - деді Н. Нығматулин Мәдениет және спорт министрлігі өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

Бұл тұрғыда Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ведомствода аталған тармақшаны қайта қарастыратынын, сондай-ақ әділетсіз жарыстар үшін жазаны күшейту нормасы да енгізілуі мүмкін екенін айтты.

«Министрлікте бұл жағдайды тексеріп, жаңа ұсынысты (жазаны төмендету бойынша) пысықтамай өткізіп жіберген адамды анықтап, жауапкершілікке тартамыз. Бұл тұрғыда осы нормадағы жазаны күшейтіп, қылмыстық жауапкершілік те енгізілуі мүмкін», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар