Нұрлан Нығматулин халықаралық парламенттік форум аясында екіжақты кездесулер өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен өткен «Елбасы. Тәуелсіздік. Парламент» атты халықаралық конференциясы шеңберінде Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтсақ, Әзербайжан Республикасы Милли Межлисі төрағасының орынбасары Адиль Әлиевпен жүздесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері әңгіме өзегіне айналып, бауырлас елдер туыстығының ортақ ұстанымдары жан-жақты талқыланды.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Сюрейя Бильгичпен кездесті.

Онда Палата Спикері біздің елдеріміздің басшылығының арасындағы өзара түсіністік пен достық негізіндегі бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан және Түркия үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттерінің басшыларының қатысуымен Саммит өткенін, басқосу Түркі Әлемі үшін маңызы зор сәт болып, Саммит қорытындысы бойынша ұйым атауын «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгерту туралы тарихи шешім қабылданғанына назар аударды.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл бауырлас мемлекеттер арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетіп, Түркі Әлемінің бірлігін нығайтуға бағытталған жұмыстарды Түркі елдер Парламенттік Ассамблеясы аясында одан әрі белсенді жалғастыратын болады.

Одан әрі Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасы Төрағасының орынбасары Одилжон Тожиевпен, Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының комитет төрағасы Леонид Калашниковпен кездесуде елдеріміз парламентшілерінің тұрақты кездесулері заңнамалық тәжірибе алмасуға серпін бере отырып, халықтарымыздың игілігі жолында тиімді іс-қимыл жасауға жол ашатынына сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар