Нұрлан Нығматулин: Банктер үшін 15 АЕК сомасындағы айыппұл ештеңе емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар банктердің валюталық заңнама талаптарын қайталап бұзғаны үшін белгіленген айыппұлды қомақты сомаға көтеру керектігін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқылады.

Депутат Аманжан Жамаловтың сөзіне қарағанда, заң жобасына сәйкес валюталық заңнама аясындағы бұзушылықтарды жою туралы ҚР Ұлттық банкінің талаптарын орындамағаны үшін банктерге әкімшілік жаза қарастырылған. Осы орайда жыл ішінде бұл әрекет екінші деңгейлі банктер тарапынан қайталанса, 15 АЕК (37 875 теңге) сомасында айыппұл салынады.

«Банктер үшін айыппұлдың бұл көлемі қандай есептеулермен айқындалды? Себебі валюталық заңнаманың орындалуы банктік заңнама талаптарын атқарудың бір бөлігі болып саналады», - деді А. Жамалов.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев валюталық заңнама талаптарын орындамағаны үшін айыппұл қолданыстағы заңнамада қарастырылғанын атап өтті.

«Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен консультация жасалғаннан кейін, 15 АЕК көлеміндегі әкімшілік айыппұл келісуге тұрарлық деп санаймын», - деді ҰБ басшысы.

Алайда бұл уәжбен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин келіспейтінін байқатты.

«Банктер үшін 15 АЕК деген көп пе? 38 мың теңге банк үшін ауыртпалық па? 50 АЕК сомасындағы айыппұл да айтарлықтай жоғары емес. Бұл тұрғыда банктің заңнаманы қайталап бұзу әрекеті айтылып отыр. Сондықтан Ерболат Асқарбекұлы, екінші оқылымға дейін банктердің деңгейіне сай айыппұлды енгізіңіздер. Өйткені бұл жерде заңнаманы қайталап бұзу мәселесі талқыланып отыр», - деді Н. Нығматулин.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бүгінгі талқыланған заң жобасын екінші оқылымға дейін талқылау барысында аталған мәселе пысықталатынына уәде етті.

Соңғы жаңалықтар