Нұрлан Нығматулин Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, Палата спикері Елшіге екі ел қарым-қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті», - делінген Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінде.

Палата төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға күш салып, Әзербайжанмен өзара байланыстың ерекше маңыздылығына назар аударатынын айтты.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Қазақстанмен стратегиялық серіктес ел ғана емес, бауырлас мемлекет екенін, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін алға тартты.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық салада әріптестік орнатып, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандырып, сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастың берік негізі қаланғанына тоқталды.

Нұрлан Нығматулин мен Рашад Маммадов парламентаралық диалогты нығайту Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар