Нұрлан Ноғаев ШЫҰ елдері Энергетика министрлерінің бірінші кездесуіне қатысты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Онлайн форматта өткен кездесуге ұйымның төрағасы болып табылатын тәжік тарапы бастамашылық етті. Іс-шараға Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан және Өзбекстанның энергетикалық ведомстволарының басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрлан Ноғаев өз сөзінде қазіргі әлемдік экономикалық жағдайды ескере отырып, ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасындағы кооперацияның маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның энергетика министрі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің энергетика саласындағы бірлескен жұмысы стратегиялық сипатқа ие және ұзақ мерзімді болып табылатындығын айтты.

Сондай-ақ ведомство басшысы республиканың жер қойнауын пайдалану, мұнай, газ және ЖЭК саласындағы басты жетістіктері туралы мәлім етті.

Мәселен, 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда тәуелсіздік жылдары алғаш рет көмірсутекті шикізат бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін электрондық аукциондар өткізу ұйымдастырылды. Бұл жағдайда шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуға құқығы бар.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар мұнай-газ саласын басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жоспарлар туралы хабардар етілді.

- Республика Үкіметі шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізуді жүргізуде. Ағымдағы жылы Қазақстанның жалпы мұнай өндіру көлемінің 60%-ын қамтамасыз ететін ұйымдарды қосу жоспарлануда, - деп толықтырды Нұрлан Ноғаев.

Бұдан басқа, экономиканы төмен көміртекті дамытуға көшіру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан елдің жалпы энергия балансындағы ЖЭК үлесін 3%-ға дейін жеткізе алды, ал соңғы 5 жылда ЖЭК объектілерінің белгіленген қуаты 7 есеге жуық – 2015 жылғы 240 МВт-тан 2020 жылы 1 634,7-ге дейін өсті.

Қорыта келгенде, Нұрлан Ноғаев ұйым мүшелері арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында 2012 жылы құрылған ШЫҰ энергетикалық клубының жұмысын жалғастыруды ұсынды. ШЫҰ энергетикалық клубының соңғы отырысы 2016 жылы өтті.

- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы алаңындағы бірлескен жұмыс елдеріміздің экономикалық дамуына, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды құруға сөзсіз ықпал ететін болады. Әлемдік экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру үшін күш біріктірудің уақыты келді, - деп түйіндеді министр.


Соңғы жаңалықтар