Нұрлан Ноғаев: Президент Жолдауын жүзеге асыру экономиканың дамуына тың серпін береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін аппараттық кеңес барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Президенттің Жолдауында көрсетілген шараларды жүзеге асыру бойынша құрылымдық бөлімшелердің басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық құрылымдық бөлімшелердің басшылары бар күш-жігерін салуы тиіс. Бұл құжатта көрсетілген шаралар отын-энергетика кешеніне ғана емес, ел экономикасына да үлкен мультипликативті әсер етеді. Энергетика министрлігі қазірдің өзінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға ұсыныстар жіберді. Барлық деңгейдегі басшылар Президент тапсырмаларының орындалуына жеке жауап береді. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады.

Мемлекет басшысы Жолдауында отын-энергетика кешеніндегі өзекті мәселелерді атап өтті.

Атап айтқанда:

- Алматыдағы 2-ші жылу электр орталығының аумағында бу-газ қондырғысын салу, 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту және 1-ші жылу электр орталығын кеңейтуге кірісу;

- Оңтүстік өңірде 1000 МВт жаңа энергия өндіруші қуаттарды іске қосу;

- Алматы және Алматы облысындағы кабель желілерін қайта жаңарту;

- Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп, еліміздің түрлі өңірінде шамамен 2400 МВт жаңартылатын қуат көзін іске қосу;

- Орта мерзімді перспективада неғұрлым ластанған 10 қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшу;

- Батыс өңірлерді газбен қамту жағдайын жақсарту үшін биылғы жылдың өзінде үш жобаны іске асыруды қолға алу. Бұл – Қашағандағы газ өңдеу зауытын және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының құрылысы, сондай-ақ «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралдық газ құбырын жаңғырту.

- Қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын, сондай-ақ «жасыл» сутегі энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.

Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар