Нұрлан Ноғаев: Балаларымызды өзге салаларда бәсекеге қабілетті етуіміз қажет

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының бір топ белсенді азаматымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғындар қаладағы ауызсу, жұмыссыздық, азық-түлік бағасы және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуді сұрады.

Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет 2025 жылға дейінгі Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекіткенін атап өтті.

«Бес жылға жоспарланған жоба аясында облысқа 2,1 трлн теңге тартылады. Кешенді жоспар шеңберінде инженерлік желілер, инфрақұрылым, ауызсу өндіретін зауыттар, заманауи мектептер мен спорт кешендерін салуға бағытталған барлығы 226 жоба іске асады. Бұл жұмыстар Жаңаөзен қаласында да жүзеге асырылатын болады,- деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімінің айтуынша Жаңаөзен қаласындағы білім мен денсаулық саласында да тың жобалар іске асырылады деп күтілуде.

«Нұр-Сұлтан қаласынан білім саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер тобы келіп, Жаңаөзен қаласындағы 10 мектепті сенімгерлікке аламыз деген ұсыныс жасады. Олар қаражатын өздері құяды, ішіндегі оқу-әдістемелік құралдарын жаңадан жасақтап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс тобы сондай-ақ еліміздің үздік оқытушыларының тәжірибелерін алып келіп, мектеп басшылары мен мұғалімдерінің біліктілігін арттырмақшы. 10 жыл бойы академялық және әдістемелік сүйемелдеу жүргізіп, мемлекеттік стандарт бойынша білім мен тәрбие алатындай жағдай жасаймыз деді.

Біздің мақсатымыз балаларымызға сапалы білім мен тәрбие беріп, болашақтарына сенім ұялатып, мұнай саласынан басқа да жаңа мамандықтарды бойларына сіңіру. Мұнай ертелі-кеш түгесіледі. Біз балаларымыздың өзге салаларда бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Сондай-ақ, «Самұрық-Қызына», «ҚазМұнайГаз», «ӨзенМұнайГаз» компанияларының қаражатына мұнайшыларға ғана емес, барлық тұрғындарға арналған ең озық үлгідегі медициналық оңалту орталығы (50 орындық) салынып жатыр. Онда әлемнің соңғы үлгідегі медициналық қондырғылары орнатылатын болады. Орталық осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі,- деді облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ басшысы айтылған өзекті мәселелер назарға алынып, өңірдің даму жоспарына сәйкес тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар