Нұрлан Ноғаев: Әкімдіктер халықтың өмірін жақсарту үшін барынша еңбектенуі тиіс

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданына жұмыс сапары барысында қарамағындағыларға ауыл-аймақты дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Азғыр өңіріне сапарының екінші күні Нұрлан Ноғаев бірқатар әлеуметтік объектілерді аралап, Асан, Қоңыртерек, Қоянды, Жалғызапан және Батырбек ауылдарында жергілікті тұрғындармен кездесті. Өңір басшысы шалғайдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету - жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған бірінші кезектегі міндет екенін баса айтып, жеке тоқталды. 

«Біздің міндетіміз - тұрғындардың өмірін жақсарту үшін барлық жағдайды жасау, қолда бар барлық құралдарды пайдалану. Бұл процеске барлық мемлекеттік органдар қызметкерлері, қоғамдық институттар, барлық деңгейдегі мәслихаттар тартылуы тиіс. Әкімдіктер жергілікті жерлерде бізге жобаларды ұсынуы тиіс. Жергілікті тұрғындардың үміт-арманын, қандай да бір елді мекенді жақсарту үшін ненің жетіспейтінін бәрінен бұрын сіздер жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, кей аудандарда жұмыстың бұл тетігі толық іске аспайды. Әкімдер, депутаттар, қоғам қайраткерлері осы іске қатысуы тиіс. Жақсы жобаларға біз барлық уақытта қаражат табамыз. Сіздердің міндет - оны жеткізу», - деді Н. Ноғаев. 

Азғыр өңірінің тұрғындарын 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтау объектілерін реконструкциялау, құрылысын салу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдануда.

Сондай-ақ, олардың қатарына қазіргі уақытта Қоянды топтық су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылып отырған Азғыр өңірінің 7 елді мекені кіреді (Азғыр, Балқұдық, Батырбек, Сүйіндік, Жалғызапан, Қоңыртерек, Егінқұдық). Асан, Үштаған елді мекендеріне ауыз су жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Қошалақ және Ниетбай ауылдары жер асты суын пайдаланып, ауыз сумен қамтамасыз етілуде.

null null  

Соңғы жаңалықтар