Нұрлан Ноғаев: Әкімдер барлығы үшін жауапты (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Әкімдер өз аумағындағы барлық мәселе үшін жауап береді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Бөрлі ауданына жұмыс сапары кезінде мәлім етті.

Бұған Пугачев ауылындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулаториядағы келеңсіз жағдай себеп болды. Пугачев ауылдық округінің әкімі Талғат Қозжановтың сөзіне қарағанда, амбулатория ауысымына 35 адамды қабылдайды. Аталмыш ауылда 2724 адам тұрады. Оған қоса бес шақырым қашықтықта орналасқан Кеңтүбектегі мың тұрғын осында келіп қаралады. Бұрын амбулатория ауыл әкімдігі ғимаратында еді, сондықтан учаскелік дәрігер де жоқ-ты. Қазір медқызметкерлер қатары көбейді.

Амбулаторияда болған кезінде облыс әкімі кабинеттердің бірінде терезеден жел гулеп тұрғандығын байқап қалды. Осыған орай ол Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиевтен мердігердің кім екендігін сұрады. Бұған аудан әкімі ешқандай қатысы жоқтығын, тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігердің оралдық фирма екендігін айтып, жауап берді.

-Мұндай көзқарасты қою керек. Бұл менікі емес деп бөлуге болмайды. Әрине, құрылыс басқармасы да жауапты. Алайда аудан басшысы да қарап отыруға болмайды. Сондықтан осының себеп-салдарын біліп, кем-кетікті кепілді мерзім ішінде жөндетуді тапсырамын, - деді Н.Ноғаев.

Өңір басшысы аудандағы ірі «Нұр» шаруа қожалығын да (басшысы Светлана Маутеева) назардан тыс қалдырмады. Кәсіпкердің нысандарында барлығы 260 адам еңбек етеді. Аталмыш қожалық Ресейдің Орынбор облысы шекарасынан үш жүз метр қашықтықта орналасқан, онда отыз шақты адам жұмыс жасайды. С.Маутеееваның сөзіне қарағанда, ферманы ашуға ауыл шаруашылығы шикізатына тәуелділік себеп болған. Бірнеше дүкені, кондитер цехы болған соң, оған шикізат керек. Өнім жеткізушілер бірде бағаны көтеріп жібереді, енді бірде сапасы көңілден шықпайды. Сондықтан өз шаруашылығың болғанға не жетсін. Қожалықта күні бүгін 300 бастай асыл тұқымды және сүтті бағыттағы 200 бастай сиыр бар. Құс фабрикасы мен жылыжай да жұмыс жасайды. Мұның бәріне мемлекеттің қолдау арқасында қол жеткізілді. Мәселен, өткен жылы 28 млн. теңгеге асыл тұқымды мал сатып алынса, 10 млн. теңге демеуқаржы берілді.

«Облыста мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Егіс алқабын қысқарту есебінен көпжылдық шөп егу қолға алынуда. Бұл да мал азығын молайтуға мүмкіндік береді. Ақжайық ауданында «Батыс Марқа Ламб» ЖШС тәулігіне 1200-ге дейін қозы соя алатын ет кешенін салуда. Бұған БҚО ғана емес, көршілес облыстар фермерлері де өз малын өткізе алады. Ал аталмыш кешенде өндірілген қозы еті Еуразиялық экономикалық одақ аясында басқа елдерге де жіберіледі. Сондықтан «Нұр» қожалығы сияқты мал басын барынша көбейтуге күш салу керек», деді осыған байланысты облыс әкімі.

Нұрлан Асқарұлы Ақсай қаласындағы жылыту маусымының барысымен танысқан кезінде бюджеттік ұйымдардың жылу үшін 8 млн. теңге қарыздар екендігі белгілі болды. Ақсайда 160 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар орталықтан жылытылады. Ақсай қаласының әкімі Қайрат Өтешев жылу желілерін жаңғырту түрлі апаттар қатарын азайтқандығын, жылу үшін берешекті қайтарумен жұмыстанып жатқандықтарын сөз етті.

Нұрлан Ноғаев аудан әкімі Марат Түсіпқалиев бастаған бюджеттік ұйымдар басшыларына жылуға қарыздарын тез жоюды тапсырды. Бұдан кейін облыс басшысы Ақсайда салынып жатқан, биыл күзде пайдалануға берілетін 140 пәтерлік, көп қабатты тұрғын үй құрылысымен танысып, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар