Нұрлан Мәсімов бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін айыппұл төлейтін болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот Нұрлан Мәсімовтың ісін қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыста Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына қатысты екі іс қаралды.

Сот департаменттің 2021 жылы 18 қызметтік жылқыға жем сатып алуға 60,9 млн теңге бөлгенін анықтады. Алайда нормаларды бұзып, 10,7 млн теңге артық жоспарлаған. 2022 жылы жемге 13,4 млн теңге бөлінген, бірақ нормадан тыс 8,5 млн теңге қосылған.

Сот тиімсіз жоспарлау бюджет ақшасын тиімсіз пайдалануға әкеп соқты деп есептейді.

«Облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысының кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар арқылы, аудиторлық есептер, тексеру комиссиясының материалдары, айғақтар және сот зерттеген басқа да материалдар арқылы дәлелденеді. Сот ҚР ӘҚБтК 234-1-бабы бойынша айыпталушыға әр іс бойынша 214,4 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 2 ақпанда Нұрлан Мәсімовтің ісі Павлодар мамандандырылған қылмыстық сотына қайтарылды.

Былтыр 17 қаңтарда Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылған еді.

Сол жылы маусымда Павлодар облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған болатын. Оған аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылды.

Кейін іздеу жарияланған Нұрлан Мәсімов туралы ақпарат берген адамға 12 млн теңгеге дейін сыйақы берілетіні хабарланды.

2022 жылы 13 шілде де ҚР Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстады.


Соңғы жаңалықтар