Нұрлан имам оразаның бірінші күнінде Jibek Joly эфиріне шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Нұрлан имам оразаның бірінші күнінде Jibek Joly телеарнасының эфиріне шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарты сағаттық эфир барысында көрерменнен қалалық, ұялы телефон және әлеуметтік желілер арқылы 1 мыңнан аса сұрақ келіп түсті.

Оларға Нұрлан имам толыққанды жауап беруге тырысты.

Мәселен, көрерменнің бірі әлеуметтік желі арқылы имамнан намаз оқымайтын адамдардың ораза ұстауына қатысты сұрақ қойды.

«Жалпы, халқымыз «мұсылмандық әсте-әсте, діннен шығу бір пәсте» деген. Адам бірте-бірте үйренеді. Бірінші рет ораза ұстап, алға қадам басқан адамға «ниетің қабыл болсын!» деген сөзді айтып, қолдап-қуаттай білуіміз керек. «Сенікі қабыл емес» деп артық-кем сөзбен пендешілікке салынатын кезіміз бар. Ораза ұстаған адамның ниетін қолдасақ, онда ол бүгін ораза ұстап, ертең құлшылыққа келе жатар», - деп жауап берді Нұрлан имам.

Оның атап өтуінше, халқымызда кешкі ауызашар кезінде дәрет алу арқылы ауыз ашу дәстүрі қалыптасқан. Бірақ, бұл міндетті емес.

Дәрет алмай-ақ ауыз аша беруге болады. Дәрет алу намаз бен Құран ұстаған кезде ғана міндетті.

«Оразаның бірінші шарты – ниет. Сондықтан ниеті дұрыс болғанда ғана ораза дұрыс деп саналады. Ал арықтау, денсаулықты күту үшін ораза ұстаса, онда ол кейінгі орынға сырғиды. Бірінші орында құлшылық ниеті тұруы тиіс», - деді дін маманы.

Сондай-ақ ол «Ораза уақытында білместікпен дәм татып қойса, байқаусызда балағат сөз айтса, ораза бұзыла ма?» деген сауалға жауап берді.

«Балағат сөздерден ораза бұзылмайды. Бірақ, мұсылман адам бұзылмайды екен деп боғауыз, бейпіл сөздерді сөйлемеуі керек. Қаншалықты боғауыз не бейпіл сөздерді көп айтсаңыз, біреу көрмей тұр деп бейәдеп оғаш қылықтар жасайтын болсаңыз, оразаның сауабы кеми береді. Ең соңында оразаңыздан тек аштық қалады. Алланың алдына барып, «мынау менің оразам» дегенде ешқандай сауабы болмайды. Тек аштықпен өткен уақыт болып саналады», - деді Нұрлан имам.

Айта кетейік, эфир аяқталғаннан кейін де көрермен тарапынан дінтанушыға 800-ге жуық сұрақ жолданды.


Соңғы жаңалықтар