Нұрлан Ермекбаев: Жамбыл облысындағы жарылысқа Арыстан әкелген оқ-дәрілер себеп болған жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс туралы журналистер сұрақтарына жауап берді. ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметі ұсынған материал негізінде кездесуде көтерілген сұрақтарды жинақтап, оқырман назарына ұсынады.

- Оқиға орнында тағы жарылыстар бола ма, жоқ па? Нақты айта аласыз ба? Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары алаңсыз үйлеріне оралып, тыныш ұйықтай берсе бола ма?

- Бұл жерде жарылыстар болмайды. Бірақ бықсып жатқан, жанып емес, бықсып жатқан қоймалар бар. Басқаша айтсақ, жалын бүкіл жерде сөндірілді. Дегенмен, дүмпуден кейін жерге кіріп кеткен қоймалар бар, көміліп қалған. Бықсыған түтін сол жақтан шығып жатыр. Түтін тоқтамағандықтан, жұмысты тоқтата алмаймыз. Сондықтан әлі де қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар, қирандылардың астында қандай да бір мина қалған болса, өздігінен атылып кетуі мүмкін. Сондықтан біз аумақты түгел қоршауға алдық. Әскерилер, саперлер, өрт сөндірушілер ешқандай қауіпті қалдық қалмағанына көзіміз жеткенше жұмыс істейді. Жарылыс деп сұрап жатырсыз, оның да түр-түрі бар ғой. Тіпті қуаты әлсіз жарылыс болса да, адамдардың, оның ішінде әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек.

- Құрметті министр мырза, мына жерде 500 тоннадай қару сақталған деді. Оның қаншасы жарылды, жарылмағаны қанша? Жалпы Арыстан осында қанша тонна қару жеткізілген еді? Арыстан шығарылған арсеналдың ішінде ракеталар болған еді. Оларды бұл қоймада сақтамаған болсаңыздар, басқа қай жаққа әкетіп едіңіздер?

- Біріншіден, бұл әскери қойма емес, оқ-дәрілер базасы. Өйткені терминология бойынша қойма бар, сақтау орны бар, база бар, арсенал бар. Арыста арсенал болатын. Мұндағы база, арсеналдан кіші. Бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылғанда алысқа ұшпайды, ол бір. Екіншіден, оның көлемі, саны Арыстағыдан 7-8 есеге аз. Сондықтан Арысқа қарағанда қаупі әлдеқайда төмен. Арысқа қарағанда тұрғын үйлер базадан алыста орналасқан. Жақын радиуста орналасқан адам саны көп емес.

- Бірақ, Арысқа қарағанда, адам шығыны көп болды ғой?

- Өкінішке қарай, қаза тапқандар Арысқа қарағанда көп. Осы сәтке дейін 12 адамның оқиға орнында қаза болғаны анықталды. Олардың бәрі әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер. Бәрі де батылдықтың үлгісін көрсетіп, өртті сөндіреміз деп жүріп өз өмірін құрбан етті.

- Қаза болған әскери адамдардың отбасына нақты қанша қаражат беріледі? Үй, пәтер беру мәселесі қаралды ма? Содан кейін қаза болған әскери қызметшілерді наградаға ұсыну туралы шешім қабылданды ма? Қандай наградаға ұсынасыздар?

- Қаза тапқан әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілер шын мәнінде наградаға да, басқа да қолдауға, мақтанышқа лайық. Сондықтан, Президент пен Елбасының тапсырмасына, заңға сәйкес, олардың отбасына, бала-шағасына жан-жақты көмек, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қарулы күштердің тарапынан, Қорғаныс министрлігі тарапынан көмек көрсетілуде. Одан басқа әрбір қаза тапқан азаматтың отбасына нақты қаржылай көмек қарастырылған. Оның көлемі шамамен 20 млн теңгеден астам. Одан басқа, әрине, тұрғын үй мәселесі болады. Оған жергілікті атқарушы органдар да қатысады. Облыс әкімі де айтты, тұрғын үй мәселесі болса, шешеміз. Қазір осы бағытта жұмыс басталып кетті. Көмек көрсетіліп жатыр, әлі де көрсетеміз. Оның бәрі заң бойынша бірнеше күн уақыт алады.

- Жарылысқа адами салғырттық түрткі болуы мүмкін бе? Жалпы қандай нұсқалар қарастырылып жатыр?

- Ондай нұсқаны да қарап жатырмыз. Түсінесіз бе, бұл өзі көптеген адам жұмылдырылған күрделі механизм. Қойма бастығы, сақтау бөлмесінің бастығы, командирдің сақтау жөніндегі орынбасары, әскери бөлім командирі және тағы басқалар бар. Бәлкім солардың бірі салғырттыққа жол берген шығар. Ең бірінші осындай болжам бар. Бірақ әзірге ондай ауытқушылық байқаған жоқпыз. Тергеу ондай фактілерді анықтаған жоқ. Сондықтан қазір мүмкін нұсқалардың ешқайсысын тізімнен шығарып жатқан жоқпыз. Тергеу жан-жақты жүріп жатыр. Ең үздік деген сарапшылар тартылды. Жарылғыш заттардың сынамалары зертханаға беріледі. Талдау жасалады. Міндетті түрде шындыққа көз жеткіземіз деп ойлаймын.

- Із-түссіз жоғалғандардың саны қанша? Аты-жөндері белгілі ме?

- Әзірге қазір 4 әскери қызметшімен және төтенше жағдайлар департаментінің қызметшілерімен байланысқа шыға алмай отырмыз.

- Тұрғындар үйлеріне қашан оралады?

- Ауыл тұрғындары үйлеріне қайтты.

- Өрт пен жарылыстың неден шыққанын отандық мамандар анықтай ма, әлде сырттан адамдар көмекке тартасыздар ма?

- Қазір арнайы комиссия мен арнайы тергеу тобы құрылды. Солар шешім шығарады. Егер қажет болса, шетелден де маман тартады.

- 12 адам өлді, 60 жуық жақын адам жараланды. Арыстағы трагедияның жарасы да жазылып біткен жоқ. Осы оқиғаға байланысты сіз отставкаға беруге дайынсыз ба? Ондай шешім қабылдайсыз ба, қабылдамайсыз ба?

- Өзіңіз де білесіз ғой. Мен бұл туралы кеше айттым.

- Біз кеше болған жоқпыз, кешіріңіз.

- Әрине. Мәселен, бәріне министрді кінәлі деп айту надандық. Өйткені кейбір сауатты адамдар Қарулы күштердің өз алдына бір кіші мемлекет екенін біледі. Мемлекеттің ішінде бар жүйенің бәрі Қарулы күштердің ішінде де бар: білім беру жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, жауынгерлерді даярлау, сарбаздарды үйрету. Бұл өте күрделі механизм. Әрине, бір адамның бәріне қарап, қадағалауы өте қиын. Бірақ бізде бірінші жетекші бәріне жауап беру керек деген түсінік бар. Сол сияқты мен өзім кінәсіз, жеке басым жазықсыз болса да, бәріне жауап беремін. Оның үстіне офицер, генерал ар-намысы деген ұғым бар. Соған сәйкес мен, әрине, отставкаға өтініш беремін. Отставка беруді сұраймын. Алайда Жоғары қолбасшы мен Мемлекет басшы қандай шешім қабылдайды, оны айта алмаймын. Қазір менің міндетім – апаттың салдарын жою, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

- Жаңа сұрағыма жауап бермедіңіз. Осында Арыстан жеткізілген қарулар бар дедіңіз, Арыстан шығарылған өзге қарулар қай әскери бөлімде сақталуда? Басқа қарулар қай облыстарға жіберілген?

- Мұнда Арыстағы оқ-дәрілердің үштен бір бөлігі ғана әкелінген. Көп емес. Оның үстінде тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған.

- Ал қалған оқ-дәрілер қай жақта?

- Жарылыстың шығуына Арыстан әкелген қарулар себеп болмаған. Өрт тротил сақтаған қоймада басталған. Тротил Арыстан әкелінбеген.

- Қазақстан бойынша бүкіл әскери бөлімдер тексерілген шығар , солай ма? Құдай бетін әрі қылсын, бірақ басқа өңірлерде Арыс пен Тараздағыдай оқиға болуы мүмкін бе?

- Бір ғана нәрсе айта аламын. Ондайға жол бермеу үшін бүкіл шаралар қабылданып жатыр. Мұндай ауқымда болуы мүмкін емес деп есептейміз.


Соңғы жаңалықтар