Нұрлан Ермекбаев Польшаның Ұлттық қауіпсіздік бюросының директорымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 маусымда түрлі мемлекеттік органдардың басшыларын және іскер топтардың өкілдерін қамтитын ресми Польша делегациясы Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталмыш сапар 2018 жылдың қаңтарында Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің брифингі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда қол жеткізген келісімдерді дамыту аясында ұйымдастырылып отыр.

21 маусымға дейін өтетін сапар шеңберінде Экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның отырысы, Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті. Польша делегациясы осы күндері Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік тау-кен конгресіне қатысып жатыр.

Қауіпсіздік саласында да жемісті диалог болды. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың Польшаның Ұлттық қауіпсіздік бюросының Директоры Павел Солохпен кездесуі барысында кең ауқымды мәселелер талқыланды.

Тараптар жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті аспектілері, ағымдағы тәуекелдер, түрлі «шиеленіс нүктелеріндегі» жағдайдың дамуы бойынша пікір алмасты.

Келіссөздер барысында Н.Ермекбаев екі елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде белсенді ынтымақтастығын атап өтті. Біздің еліміздің аймақтық қауіпсіздік құрылымдарының қызметіне, БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуға көзқарастары белгіленді.

П.Солох Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде белсенді төрағалығын және Мемлекет басшысының жаһандық қауіпсіздік саласындағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалап, Қазақстанның бүкіл Орталық Азия аймағының мүддесін қорғайтынын атап өтті.

Тараптар экстремизмге және терроризмге қарсы тұрудың бірлескен шараларын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтудің болашағын, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Орталық Азиядағы жағдайларды егжей-тегжейлі талқылады.

Соңғы жаңалықтар