Нұрлан Ермекбаев: Бітімгерлер санына емес, сапаға екпін қоямыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде бітімгерлік шараларға жоғары білікті әскери қызметшілер бағытталады. Бүгін елордада БҰҰ-ның бесінші симпозиумы аясында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ симпозиумы маңызды халықаралық шара болып саналады. Бұл өз кезегінде Қазақстан БҰҰ тарапынан белсенді бітімгер мемлекет ретінде мойындалғанын, сондай-ақ БҰҰ-ның жалпы бітімгерлік күш-жігерінде біздің елдің табысты қызметін білдіреді. Жақында ҚР Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қарулы Күштеріне бітімгершілік қызметті кеңейту керектігін атап өткен болатын. Симпозиум аясында талқылау мен келіссөздер барысында БҰҰ басшылығы және бірқатар елдерден келген қатысушылар бүгінде әлем өзгеріске ұшырағанын, қауіп-қатер мен тәуекелдердің жаңа сипаттары пайда болғанын растады», - деді Н. Ермекбаев.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде әскери бөлімшелермен қатар, мамандандырылған әрі жоғары білікті шағын әскерилер командалары айрықша сұранысқа ие болып отыр. Бұл қызметшілер шет тілдерін еркін меңгеріп, ахуалды тұрақтандыруға ықпал ете алатын дағдыларды игеруі тиіс.

«Сондықтан да біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, яғни екпінді бітімгерлер санына емес, сапаға қоямыз. Бұл тұрғыда БҰҰ қолдауына үміттенеміз. Сонымен қатар, бітімгершілік бойынша БҰҰ-мен ынтымақтастық кез келген ел үшін пайдалы, себебі бітімгершілік бөлімшелердің кәсіби, зияткерлік және технологиялық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, бұл қадамдар барша Қарулы Күштердің әлеуетіне де әсер етеді. Атап айтқанда, бүгінде Батыс Сахара мен Ливанда қызмет етіп жүрген біздің бітімгершілердің біліктілігіне айтарлықтай жақсы баға беріліп отыр», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада бітімгершілік үшін технологиялардағы серіктестік бойынша БҰҰ-ның бесінші симпозиумы басталды.

Соңғы жаңалықтар