Нұрлан Ерімбетов пен Ғалым Байтұқ сөзге келіп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуын бақылау жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов пен блогер Ғалым Байтұқ сөзге келіп қалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топтың жетекшісі Нұрлан Ерімбетов биылғы жылдың жоспарын бекітуді ұсынды. Біршама талқылаудан кейін ол:

«Құрметті әріптестер, сіздерден жоспарға қатысты қысқа әрі нақты пікір айтуыңызды сұраймын. Өйткені мен білемін, әлеуметтік желілерде күні-түні отыратындар бар. Олар анау «тук-тук-тук»-тарды аралап, өсек-аяң таратып жүреді», - деді.

Осы кезде Қазақстан блогерлері альянсының жетекшісі Ғалым Байтұқ оның сөзін бөліп: «Нұрлан Кенжебекұлы, сіз ондайыңызды қойыңыз», - деп сабырға шақырды.

Алайда Ерімбетов қоймай: «Сондықтан жатыпатар болмай, пікірді ашық айтуға мүмкіндік беріліп тұрғанда айтып қалыңыз. Анда-мында сандалмай... Адамдардың тағы бір тобы бар. «Жемқорлыққа жол жоқ!» деген ұрандармен стадиондарды жағалап жүреді. Осы жағынан бізде дәл қазір елдегі жағдайға ықпал етуге мүмкіндік бар. Сондықтан өз пікіріңізді айтыңыз, ұсыныс қосыңыз», - деп түйіндеді.

Сосын Байтұқ мырзаны өзін әдепті ұстауға шақырды. Оған блогерлердің жетекшісі: «Жоқ, сіз өзіңіз әдеп сақтауыңыз қажет. Жаңағы сөзіңізбен блогерлердің тілін тартпақсыз ба? Біз де көп нәрсені істеп жатырмыз. Келесі жолы олай айтпаңыз», - деді.

Айта кетейік, бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуын бақылау жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысы өтті. Аталған топ жаңартылған құрамда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер енді.

Соңғы жаңалықтар