Нұрлан Дулатбеков: Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықты адамзат мүддесі тұрғысынан зерттеген ләзім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай сол қаралы жылдардың куәгеріне айналған «Карлаг» туралы ондаған жылдар бойы «Карлаг. Тарихқа тағылым. Өткенге тағзым» атты зерттеу жұмысын жүргізіп, көптеген іргелі еңбектер жазған ғалым, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбековпен сұхбаттасқан едік.

- Жақында Мәжілістің жалпы отырысында Карлагтың қасындағы «Мамочкино моласына» қатысты мәселе көтердіңіз. Долинка мен Карлагты көпшілік білгенімен, мұндай моланың бар екенін біреу білсе, біреу білмейді...

- Бұл мола еңірегенде етегі жасқа толған аналардың қасіреті тұнған мекен. Мыңдаған жазықсыз сәби жерленген жер. Тұтқын әйелдердің сәбилерін ұстау үшін 1931 жылы Карлаг «астанасы» болған Долинка елді мекенінде ашылған перзентхана. Аналары осында күніне екі-үш мәрте айдауылдың қарауымен келіп, балаларын қоректендіріп кетіп отыратын болған. Кейін сол сәбилер тірі қалып, жетілсе 2-3 жасқа келгенде балалар үйіне ауыстырылады. Тек 1939 жылдың өзінде ғана осындағы 350 сәбидің 114-і шетінеген екен. Өлген балалардың бәрін жинап, ортақ шұңқырға көміп отырған. Бірқатар деректерде қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып көмгені туралы айтылады. Мұндағы кейбір зираттарға  мүлдем белгі қойылмаған. Жекелеген қабірлерді кездестіру тіптен мүмкін емес. Ересек тұтқындарды да осында жерлеген деген деректеріміз бар... 

6

- Зерттесе мұның өзі Карлаг тарихындағы жеке тарау болғалы тұр екен...

2003 жылдың 31 мамырында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде мазарға мемориалдық кешен мәртебесі берілген. Бірақ күні бүгінге дейін бұл аймақ лайықты қорғауға алынбаған, ешқандай ескерткіш белгілері жоқ. Ал жақында вандалдар қасиетті орынның ойранын шығарыпты. Ұрылар зираттағы айқыш темірлерді металл сынықтарына тапсыру мақсатында ұрлап кеткен. Тіпті кішкентай балалар жерленген қабірлердің басындағы белгілер де қолды болыпты. Бұдан бөлек зираттың бір бөлігін арнасын ауыстырған өзен суы шайып кеткен. Осыған байланысты «Мамочкино моласын» аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалдық кешенінің қатарына қосуды ұсындық. Бұл бастамамды 29 депутат қолдап, Мәдениет және спорт министріне ұсыныс жібердік.

1

«Мамочкино моласы» иеротоптикалық жобаның құрамдас бөлігі ретінде мистикалық компонентті ұсынады. Ол кеңістікті архитектуралық, сурет, дәстүр, (нәрестеге қатысты халықтар дәстүрі) жарық және басқа да медиа мүмкіндіктер (бесік жырын бірнеше тілде орындау) арқылы жүзеге асырылады. Егер осы істерді атқарар болсақ, бұл кешендердің қасынан туристік кластер ұйымдастыруға болады. Егер туристік кластер тартылатын болса біздің ұрпаққа тарих тағылымын сіңіру, туристерге ел мен жер тарихын танытуда маңызы зор болмақ. Әрі қасынан қонақ үй, дәмхана, түрлі орталықтар салынып, экономикалық тұрғыдан да тиімді болар еді. Мысал үшін Қазақстанға 58 мың жапон жеткізілген. Сол 58 мың жапонның бүгінгі ұрпағы ата-бабасы тұтқында болған жерді көруге келмей ме? Келеді...

-  Қабырғасында тұтас тағдырлар қаланған Карлагтың зерттелмеген тағы қандай тараулары бар?

- Карлагта зерттелмеген, жіті зерттеуді қажет ететін дүние жетерлік. Бұл зерттеуде бюрократиялық мәселелер көп. Көптеген құжаттар прокуратура органдарының орталықтарында, мұрағаттарда шаң басып жатыр. Олардың бәрін зерттеу, өңдеу қажет. Ол көп уақыт пен үлкен күш-жігерді талап етеді. Бір ғана саяси тәрбиенің құралы болған газет-журналдар тақырыбын алайық. Лагерьдің өзінде ғана таралатын «Путевка», «Жаңа жол», «Социалистическое животноводство» деген 4-5 газет шыққан. Солардың біразын мұрағат материалдарынан тауып алдық. Қазір осының бәрін жинақтап, бір үлкен дүние жасағымыз келеді.

2

Айтпақшы, «Жаңа жол» латын қарпімен басылған. Нағыз цензура Кеңес үкіметі кезінде болған ғой. Дегенмен осы газеттегі материалдардың өзінен-ақ Карлагтағы өмірдің объективті картинасын жасауға болады. Мысалға бір материалда «Бидайықтың лагерінде бит қаптап кетті» дейді. Ол неге қаптайды? Немесе «Бұрмада қандала қаптап кетті» дейді. Осындай сөздердің астарын анықтап, басылым бетіндегі мәліметтер арқылы Карлагта не сатылғанын, оны қалай бөлгенін, сол арқылы әр бөлімде қанша адам болғанын бәрін есептеп шығаруға болады.

Қазақстанда ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары бір күнде, 31 мамырда еске алынады. Әйтсе де бұл екеуі екі бөлек әңгіме емес пе?  Осылардың аражігін ажыратып, екі бөлек дата белгілеп, терең зерттеуді жалғастыру керек шығар?

- Посткеңестік елдердің арасында Қазақстан бірінші болып 31 мамырды қуғын-сүргін құрбандары күні деп жариялады. Елдің психологиясын өзгерттік, мемлекеттік тұрғыдан баға бердік. Осы тұрғыдан алғанда кейбір мемлекеттерге қарағанда біз бір қадам алдамыз. Десек те, күрмеуі шешілмеген біраз мәселе бар. Өйткені, бұл тақырып әлі терең зерттелген жоқ.

3

Мәселен, қуғын-сүргін дегенде ашаршылық көмескіленіп қалып қойып жатыр. Тарихшылар ашаршылықты әлі терең зерттемеді. Ол қуғын-сүргіннен кем түсетін нәубет емес. Кеше қолыма құнды деректер түсті. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтардың саны алты миллионды құрапты. Біздің халық саны 4 900 000 болғанда, өзбектердің саны 1 700 000  болған екен. Яғни қазақтар түркі халықтарының ішінде саны жағынан екінші орында тұрған. Ал қазір өзбектердің саны 30 миллионнан асып кетті. Біз қазір жоқ дегенде осы деңгейден асар едік. Өкініштісі, осы тақырыпқа қатысты саусақпен санарлықтай ғана жұмыс бар. Сол себепті де әуелі бұл тақырыпты іргелі әрі жүйелі зерттеп алуымыз қажет. Мұны басқалар сияқты саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Біз тарихтың осынау ақтаңдақ беттерін адами тұрғыдан, адамзат мүддесі тұрғысынан зерттесек тамаша болар еді.

4

Біреулер мұны саясатқа пайдаланғысы келеді. Бұл саясатқа айналдыратын мәселе емес. Бұл жалпы адамзаттық мәселе. Ғалым ретінде ғылыми тұрғыдан негіздеп жүргендіктен, мен мұны саясаттың құралы деп қараған емеспін, тек ғылыми тұрғыдан зерттеуді мақсат еттім. Мысал үшін Карлагта болған жапон әскери тұтқындарын зерттедік. Біреулер олардың бізге қарсы болғанын айтады. Тіпті жапондардың өздері  де біздің кітабымыз шыққан кезде үрке  қараған еді. Бірақ бұл арада ешқандай саясат жоқ. Біз көздеген мақсат - қанша тұтқын болды, қанша адам қаза тапты, олар немен азықтанды. Яғни осының бәрін егжей-тегжейлі зерттеу арқылы, сол кезеңнің объективті картинасын жасау. Қазір мұрағат материалдарын көптеп ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Себебі біз барлық материалды мүмкіндігінше таза күйінде ұрпаққа ұсынып кетуіміз керек. Ғылыми базаның негізін жасауымыз қажет. Ал одан қорытынды шығару басқа мәселе.

Кеңес үкіметі тоталитарлық жүйе арқылы ұлттардың тарихында үлкен трагедия жасады. Бұдан не ұтты?

- Шынына келсек ХХ ғасырда Кеңес үкіметі адамдарының жартысы түрмеде отырды, жартысы оларды күзетті, қалғаны соларға хат жазды, хат тасыды ғой. Тоталитарлық жүйенің трагедиясы осы. Гитлер, Бонапарттар сыртқы жаумен күрессе, бізде «ішкі» жаумен күрес жүргізілді.  Мұнда үлкен қитұрқы саясат жатыр. Кеңес үкіметі елдерінде халық саны жағынан ең көбі украиндар мен қазақтар болған. Олар осы екі үлкен этносты мұқатуды көздеді. Әрине орыс халқының өзі де таяқты жеп бақты. Бұл енді сталинизмнің басты саясатына айналған - адамды тұқырту саясаты болды. Қазір біреулер Сталинді ақтағысы келеді. Осы тұста айта кетерлік мәселе бар. Одақ құрамында болған 15 мемлекеттің дамып я дамымай жатқанын қайдан білуге болады? Осы сұрақтың жауабын олардың Сталинге көзқарасынан-ақ табар едік. Мәселен Сталинге ескерткіш орнатамыз деген мемлекет болса, онда сол ел баяғы деңгейде қалып қойған деген сөз.

5

 - Демек біз дамып келеміз ғой?

- Қазақстан, қазақ халқы дамып келеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар