Нұрлан Әбдіров Шығыс Қазақстан жұртшылығымен сайлау реформаларын талқылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 25 сәуірде Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұртшылықпен бірқатар кездесулер өткізді.

2022 жылғы 25 сәуірде «Ертіс концерт» Орталық мәдениет үйінің ғимаратында ОСК басшысының Шығыс Қазақстан облысының саяси партиялары, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлерімен, сайлауком мүшелерімен үлкен кездесуі өтті.

Іс-шараға 396 адам қатысты.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау реформалары кеңінен талқыланды.

Қалалық мәслихат депутаты Әскерхан Ақтай ұсынылған жаңалықтарға қолдау білдіріп, сайлау реформалары аясында сайлаушылардың электоралдық мәдениетін арттыру маңызды екенін атап өтті.

Электрондық дауыс беруді енгізу, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, ауыл әкімдерін сайлау кезінде пікірсайыстар өткізу және әлеуметтік желілерді үгіт алаңдары ретінде пайдалану жөнінде пікірталастар болды.

Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская соңғы уақытта байқаушы болғысы келетін адамдардың саны айтарлықтай өскенін атап өтті.

Алайда, байқаушы кәсіби түрде байқау жүргізуге дайын болуы керек, сайлау процесінің қалай өтетінін түсінуі керек. Осыған байланысты байқаушыларды қандай ұйымдар оқытуы керек деген сұрақ туындайды.

Ортсайлауком өкілдері байқаушыларды жіберетін кез келген қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың міндеті – оларды барынша дайындау екенін атап өтті.

Сондықтан байқаушыларды оқытуды коуч-жаттықтырушылар және сайлау заңнамасына мамандандырылған білікті заңгерлер жүргізуі керек.

Жұртшылық тарапынан сайлау алдында сайлау комиссияларының құрамын өзектендіру жөнінде ұсыныс жасалды.

Сонымен қатар кейбір қатысушылар аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларын толық жаңарту ұтымды менеджмент тұрғысынан тиімсіз екенін атап өтті. Қазіргі кезеңде сайлау комиссиялары белгілі бір жұмыс тәжірибесін жинады, түрлі сайлау науқандары өткізілді, электоратаралық кезеңде жүйелі негізде оқыту жүргізіледі.

Сондықтан сайлау комиссияларының қолда бар кадрлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет.

ЖСДП өкілі Виктор Калгин ауыл әкімдігіне кандидаттар үшін жоғары білімі мен мемлекеттік қызметте жұмыс өтілінің болуын талап ету бөлігіндегі талаптарды жеңілдету туралы ұсыныс жасады.

Басқа қатысушылар нормативтік-құқықтық актілермен және бухгалтериямен жұмыс істеу үшін ауыл әкімдеріне тиісті білімі мен белгілі бір тәжірибесі болуы қажет деген пікір білдірді.

Төртінші деңгейдегі бюджетті енгізумен ауыл әкімдері қаржы қаражатына дербес билік етеді. Сондықтан білім мен кәсіби дағдылар маңызды рөл атқарады.

Өскемен қаласы қоғамдық кеңесінің төрайымы Инесса Чернышева сайлау науқандарында заңсыз манипуляциялық технологияларды қолдануға жол бермеуге шақырды, өйткені ақпараттық кеңістікті жаһандандырудың заманауи процестері сайлау процесіне сырттан араласудың ықтимал қауіптерін тудырады.

ОСК Төрағасының С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 285 адамның қатысуымен ЖОО және колледж студенттерімен кездесуі өтті.

Сайлау процесін жетілдірудің, соның ішінде жастарды сайлау процесіне тартудың түрлі мәселелері бойынша пікір алмасу жүргізілді.

Ашық диалог форматында жастар Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауды өткізу кезінде аралас сайлау жүйесіне байланысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Студент Вадим Дрепин 2021 жылы ОСК ұйымдастырған Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» республикалық олимпиадасына қатысу тәжірибесімен бөлісіп, осындай іс-шараларды жүйелі негізде өткізуді ұсынды.

Сондай-ақ басқа өңірлердегідей электрондық дауыс беруді енгізу мәселесі де белсенді талқыланды.

Жастар қазіргі уақытта көптеген елдердің электрондық дауыс беруді сынап көргенін, оның әр түрлі, соның ішінде қашықтан, көпкүндік және мерзімінен бұрын дауыс беру нысандары кеңейтілуде екенін атап көрсетті.

Осыған байланысты әлемдік тәжірибені зерделеп, дауыс берудің осы түрін біртіндеп енгізу ұсынылды.

Студент Аяулым Қарқын болашақ электоралдық процестерде волонтер және байқаушы болуға ниет білдіріп, жастарды сайлау комиссияларының құрамдарына тарту қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында сайлау процесінің өзекті тақырыптары бойынша онлайн-сауалнама жүргізілді.

Жастар арасындағы сауалнама нәтижелері мынаны көрсетті: сұралғандардың 34,2%-ы электрондық (қашықтықтан) дауыс беруді енгізуді қолдайды; респонденттердің 69,6%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан міндетті деп санайды; сұралғандардың 53,8%-ы бұрын сотталған азамат Президент, депутат, әкім сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді.

Сондай-ақ респонденттердің 44%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутат өзінің партияға мүшелігін өзгерте алмайды деп жауап берді.

Сондай-ақ бұл күні Ортсайлауком өкілдері аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту семинарын өткізді.

Ортсайлауком Төрағасының Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен және жастарымен кездесулері басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде де таратылды.

Нұрлан Әбдіровтың келесі жұмыс сапары Қарағанды облысына ағымдағы жылдың 26-27 сәуіріне жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар